Ауа райы
Нұр-Сұлтан 23 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 377.18
EUR 426.14
RUB 5.98
CNY 54.86

Гүлшара Әбдіхалықова жағдайы төмен отбасыларға көрсетілетін көмекпен танысты - Алматы облысы

2019 жылдың 16 сәуір 2019 23:17 760

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының орынбасары  Гүлшара Әбдіхалықоваға Алматы облысының  «Әлеуметтік картасы» таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, аймақтағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарды қолдауға 3 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінген. Бұл қаражат «Әлеуметтік карта» бойынша жұмсалмақ. Әлеуметтік қамту негізінде  көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту, осы санаттағы әулеттің балаларының жоғары білім алуына жағдай жасау, жұмыспен қамту сияқты шаралар жүзеге асырылуда.

«Облыс орталығында көп балалы отбасылар үшін көп қабатты екі үйдің жобасын әзірлеу жұмысы басталды, коттедж қалашығынан да үй бөлу мүмкіндіктері қарастырылуда. Сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламасы бойынша да құны 1 млн теңге болатын тұрғын үй сертификатын беруді бастадық. Қазіргі құны сертификаттың жиынтық қоры 300 млн теңгеге жетті», - деді «Әлеуметтік картаны» таныстыру барысында облыс әкімі Амандық Баталов.

Ал аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балаларына жоғары оқу орындарында білім алуы үшін бөлінетін грант санын тағы да жүзге көбейту көзделуде. Бұл мақсатқа 44,3 млн теңге қаржы қарастырылған. Қазір де  облыс әкімінің арнайы гранты бойынша  246 студент түрлі оқу орындарында білім алып жатыр. Аз қамтылған отбасылар балалары үшін мектепте ыстық тамақпен қамту 100 процентке жетті. Бүгінде облыс аумағындағы мектептерде 32 мың бала  тегін ыстық тамақпен, мектеп формасымен, жазғы демалыс кезіндегі демалыс лагерімен қамтамасыз етілді.

«Әлеуметтік карта» бойынша енді Талдықорған қаласында тұратын көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бұған дейін осындай тегін жол жүру мүмкіндігін облыс орталығындағы 42 мың мектеп оқушысы мен  студенттер пайдаланып келген болатын. Қазір облыс аумағында көгілдір отын көзіне қосылу қарқынды жүріп жатыр.  Табиғи газға қосу ісі бойынша да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына  жеңілдік қарастырылып отыр екен. Бұл мақсатқа қазынадан 500 млн теңге бөлінген.

Жалпы Үкімет мүшелерінің назарына ұсынылған Жетісудың «Әлеуметтік қорғау» картасы облыстағы  253 ауылдық округ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын зерделеу негізінде жасалды. Қазір аудандар бойынша бұл тізім жетілдіріліп, «Е-Халық» ақпараттық жүйесіне қосылуда. Сондай-ақ, барлық ауданда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін орталықтар ашылуда.

 

 

Жоғары қарай