Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

«Голос. Дети» финалисі Ержан Максим МУЗ-ТВ сыйлығын тапсыру салтанатына шақырылды

2019 жылдың 28 сәуір 2019 13:52

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Голос. Дети» ресейлік шоу-бағдарламасының финалында өнер көрсеткен қазақстандық әнші Ержан Максим МУЗ-ТВ телеарнасының сыйлық тапсыру салтанатына шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Максимнің анасы Гүлмира Әлібектің айтуынша, онымен МУЗ-ТВ телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияров сөйлескен.

Ол Ержанның «Голос. Дети» шоуында тамаша өнер көрсеткенін, бірегей талантымен осы бағдарламаны тамашалаған миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулап алғанын атап көрсеткен. Сондықтан ол сыйлықсыз қалмауы керектігін айтқан.

Енді әнші анасымен бірге 7 маусым күні МУЗ-ТВ-2019 сыйлығын тапсыру салтанатты шарасында қызыл кілеммен жүріп өтетін болады. Бұдан бөлек, жас дарын басқа әртістермен қатар сахнада ән салады.

«Баламның өнерін жоғары бағалағаны үшін МУЗ-ТВ арнасының басшысына алғысымызды айтамыз. Бұйырса, салтанатты шараға барамыз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Гүлмира Әлібек.

Айта кетейік, Мәскеудегі «Мегаспорт» спорт сарайында өтетін бұл шараға, сондай-ақ Қазақстаннан Димаш Құдайберген де арнайы шақырылған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық Ержан Максимнің «Голос. Дети» байқауының суперфиналында өнер көрсеткенін, шоу қорытындысына қатысты даудың туындағанын жазған болатынбыз.

Онда суперфиналда Ержан көрермендердің дауыс беруінен кейін Алсудың қызы Микелла Абрамовадан кейін екінші орын алған еді. Алайда көптеген адамдар, соның ішінде атақты шоумен Максим Галкин дауыс берудің әділ жүргізілмегенін айтып, наразылықтарын білдірді.

Жоғары қарай