Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 376.26
EUR 425.63
RUB 5.68
CNY 55.61

Гималай асқан қазақтар жайлы кітап қазақ және орыс тілінде жарыққа шықты

2019 жылдың 18 қаңтар 2019 20:10 2611

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағылшын тарихшысы Годфри Лайастың 1956 жылы Лондонда жарыққа шыққан Kazak Exodus кітабы қазақ және орыс тілінде басылып шықты. Бұл туралы Фейсбук парақшасында бірнеше кітап авторы, «AmalBooks» баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз 63 жыл бойы тарих қойнауында көміліп келген кітапты жарыққа шығардық. Годфри Лайастың «Аспантау асқан үркін көш» кітабы туралы бірнеше факті келтіре кетейін», - деп жазады Бақытжан Бұқарбай.

«AmalBooks» баспасының жетекшісінің атап өтуінше, біріншіден, ағылшын тарихшысы Годфри Лайас 1954 жылы Ыстанбұлға барып, қытай коммунистерінен қашу арқылы бостандық құқығын таңдап, шөл және Бұланай арқылы үдере көшкен қазақтармен кездескен. Екіншіден, ағылшын тіліндегі бұл кітап 1956 жылы Лондонда жарық көріп, Шыңжаң қазақтарының коммунистік режімге қарсы күресі тақырыбындағы теңдесі жоқ алғашқы жарияланған еңбек болып табылады.

«Үшіншіден, кітапты орыс және қазақ тілдеріне аудару жұмысын «AmalBooks» баспасы жүргізді. Кітапты орыс тіліне өзім аудардым. Он күнім кетті. Жұмыс 12 күннің ішінде менің басшылығыммен 78 үміткерден таңдалған аудармашылар тобымен қазақ тіліне аударылды. Төртіншіден, кітап қазақтардың өмірі туралы таңғаларлық мәліметтерге, олардың күрес стратегиялары туралы деректерге толы. Мысалы, коммунистер келгенге дейін қазақтар ағылшын тілін үйренгенін білесіз бе? Бұл жерде әңгіме ХХ ғасырдың бірінші жартысы туралы болып отыр. Коммунистер бұл іске ақыры тыйым салды. Болмаса кейбір өнертанушыларымыз айтып жүргендей, қара жорғаның моңғол биі емес, қазақтың биі екенін білдіңіз бе? Қазақтар кеңестік ядролық бағдарламасының біртіндеп іске асырылуына кедергі келтіргені туралы естуіңіз бар ма? Нобель сыйлығының лауреаты атанған Далай-ламаның 15 жаста Лхасада қазақ жастарын құтқарып қалғанынан хабарыңыз бар ма? Барлығын екі ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес», - деп жазады ол.

Бақытжан Бұқарбай кітаптың қазақ және орыс тілдерінде шығарылуы біздің тарихымыз үшін бірегей жаңалық екенін атап өтеді. Сондай-ақ, бұл кітап ізденушілер үшін жаңа ізденістерге жол ашады.

«Мәселен, қазіргі заманғы брейк-дансқа ұқсас, қазақтың «елік биі» туралы естігеніңіз бар ма? Сонымен бірге, қазақтардың коммунистермен Үндістан шекарасында болған айқасын үнді шекарашылары бейнетаспаға түсіріп алған. «Аспантау асқан үркін көш» кітабы қазірдің өзінде сатылымда», - деп жазады Бақытжан Бұқарбай.

 

 

Жоғары қарай