Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Ғарышкерлер күні: Ақтаулық оқушылар аспанға зымыран ұшырды

2019 жылдың 12 сәуір 2019 18:51

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік авиация және космонавтика күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мектеп алаңында 8 зымыранды көкке ұшырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалар бірсатылы оқ-дәрілі зымыранды оқу орнында өтіп жатқан «Ғылым» декадасы аясында ұйымдастырылған зымыран құрастыру шеберлік сағатында жасап үйренген.

Зияткерлік мектепте 8 сәуірден бері балаларды нақты ғылым түрлерімен айналысуға шақыратын «Ғылым» тақырыбындағы онкүндік өтіп жатыр. Физика, химия, математика, биология пәндерінен күн сайын қызықты зерттеу сабақтарын, шеберлік сағаттар мен байқауларды өтуде. Сондай шараның бірі - зымыран құрастыру шеберлік сабағын физика кафедрасының ұстаздары өткізіп, балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Шеберлік сағатына ғарыш саласына ерекше қызығатын оқушылар таңдап алынды.15-ке жуық оқушы өз қолдарымен зымыран жасап, оның жұмыс жасау механизмімен танысты.

«Ғарышқа ұшатын зымырандарды көргенде бәріміз де оның қалай құрастырылатынын, жүйенің қалай жұмыс жасайтынын білгіміз келеді. Бүгінгі шеберлік сағаты біздің сол ойымызды жүзеге асырып, зымыран құрастыру саласындағы білімімізді кеңейтуге көмектеседі. Шараның ерекше тұсы - мұғалімдеріміздің зымыранды қолда бар қатты қағаз, пенопласт, тұрба, қалам,сызғыш секілді заттардан жасауға болатынын көрсеткені», - дейді оқушы Дана Заркум.

Айта кету керек, оқушылар зымыран құрастыру және ұшырумен алғаш рет айналысып отырған жоқ. Олар жыл сайын зымыранды ұшырудың әртүрлі жолдарын бақылап көріп, эксперименттер жасайды.

«Бұл салаға осыдан екі жыл бұрын қызыға бастадым. Өткен жылы біз су қысымының көмегімен зымыран ұшыруға тырыстық. Бірақ ол кезде құрылғымыз ұшпап еді. Ал биыл біз бірсатылы түрін жасап, оны оқ- дәрі көмегімен ұшырып көрдік. Бір сәтте төрт зымыран қатар ұшқанын көрген достарымыз қатты қолдау білдірді. Біз одан сайын қызыға түстік»,- дейді 10-сынып оқушысы Мағжан Утеев.

Жоғары қарай