Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 388.96
EUR 432.21
RUB 6.09
CNY 54.99

Футбол: Оралхан Өміртаев Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады

2019 жылдың 21 ақпан 2019 21:56

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан құрамасы бүгін Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны барысында Молдовамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біз бұдан бұрын екі құраманың бүгінге дейін ойындары барысы жайында таразылаған едік. Қос құрама осыған дейін төрт мәрте кездесті. Оның біреуі біздің құраманың жеңісімен аяқталса, бірінде тең нәтиже тіркелді. Қалған 2 ойында жеңіс Молдованың еншісінде кетті.

Бүгінгі матч ФИФА-ның жолдастық кездесу өткізу кестесіне кірмейді. Сол себепті бұл ойынның нәтижесі ФИФА-ның рейтингіне ешқандай әсер етпейді. Сондықтан қос құрама бапкерлері аталмыш кездесуде негізінен өз елінің біріншілігінде ойнап жүрген футболшыларға сенім артты.

Михал Билек алғашқы кезеңде біздің құрама сапында жасыл алаңға Дмитро Непогодов, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Сағадат Тұрсынбай, Дмитрий Мирошниченко, Дмитрий Шомко, Юрий Перцух, Азат Нұрғалиев, Максим Федин, Роман Муртазаев, Бауыржан Тұрысбек сынды жігіттер шығарды.

Бірінші кезеңде қос құрама көзге түсерлік ойынымен ерекшелене қойған жоқ. Кездесу негізінен жасыл алаң ортасында өрбіді десек те болады. Қос құрама ойыншылары бір-бірінің қателікке бой алдыратын сәттерін күтті. Осындай сәттердің бірінде біздің құрама шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек гол соғатын мүмкіндікті құр жіберіп алды. Сол сәтте Молдова футболшыларының бір-бірін түсінбей қалған сәті болған еді. Бірінші кезең 0:0 есебімен тең аяқталды.

Екінші кезеңде Михал Билек бірден үш ойыншыны алмастырды. Қақпаға Игорь Шацкий тұрса, қорғаушы Марат Быстров пен шабуылшы Оралхан Өміртаев жасыл алаңға шықты. Оралхан көп өтпей-ақ мергендігімен көзге түсті. Ойынның 59-минутында ол жасыл алаңның орта бөлігінен қарсыластар қақпасын көздеді. Әуелей барған допқа Молдова қақпашысы қарсы тұра алған жоқ. Осылайша Оралхан ұлттық құрама сапындағы екінші голын соғып отыр.

Естеріңізге сала кетелік, ол біздің құраманың Ұлттар лигасындағы сырт алаңда Грузиямен кездесуінде қанжығасын майлады. Осылайша жас футболшы ұлттық құраманың қатарынан екі ойынында мергендік танытты. Аталмыш голдан кейін біздің жігіттер біршама уақыт ширақ ойынымен көзге түсті. Осындай сәттердің бірінде Бауыржан Тұрысбекке сәттілік жетіспеді десек те болады. Аталмыш кездесуде Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен басым түсті.

Бұл ойын футболдан 2020 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңі алдындағы ұлттық құраманың дайындығы болып табылады. Естеріңізге сала кетелік, біздің құрама I тобында Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр, Сан-Мариномен сынға түседі. Қазақстан футболшылары іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынында 21 наурызда Шотландия құрамасын қабылдайды. Одан кейін 24 наурызда Астанада Ресей құрамасымен шеберлік байқасады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Түркия,
Жоғары қарай