Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Футбол: Қазақстан құрамасы Шотландияны жеңе ала ма

2019 жылдың 21 наурыз 2019 11:08

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңіндегі I тобындағы алғашқы тур ойындары басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан құрамасы аталмыш топта сынға түседі. Қарсыластары - Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр және Сан-Марино құрамалары. Іріктеу кезеңі 21 наурызда басталып, 19 қарашада мәресіне жетеді. Финалдық кезеңнің ерекшелігі, тұңғыш рет дүбірлі дода Еуропаның бірнеше мемлекетінде өткізіледі. Бұл шара Еуропа чемпионатының 60 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі бұрынғы форматта ұйымдастырылады.

Біздің құрама іріктеу кезеңіндегі алғашқы екі ойынын өз алаңында өткізеді. Қазақстан футболшылары бүгін елордамызда Шотландияны қабылдаса, 24 наурызда Ресеймен шеберлік байқасады.

Жанкүйерлер Шотландия құрамасы жайында жақсы біледі. Бұрынғы жылдарда олар әлемдік додаларда жиі бой көрсетіп жататын. Алайда соңғы кезеңде аталмыш құрама әлем және құрлық чемпионаты финалдық кезеңіне шыға алмай келеді. Айталық, олар әлем чемпионатында 2002 жылдан бері бақ сынаудан шет қалып жүрсе, Еуропа үздіктерінің қатарында 2000 жылдан бастап бой көрсеткен жоқ. Дегенмен іріктеу кезеңдерінде өз тобында жолдамаға қол созымда қалып қойып жүрді.

Сол кеткен олқылықтың орнын биыл толтыра ала ма? Рас, I тобындағы қарсыластары осал емес. Бұдан бұрынғы жылдарда әлемдік додаларда алдыңғы қатардан көрініп жүрген Бельгия мен Ресей құрамалары оларға оңай тие қоймайтыны белгілі. Қай құраманың асығы алшысынан түседі. Оны уақытында бағамдайтын боламыз.

Бүгінгі таңда Шотландия құрамасы сапында көптеген жас футболшылар ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Айта кетерлігі, олардың көпшілігі Англия Премьер-лиасында ойын көрсетеді. Тұманды Альбиондағы аталмыш доп додасы әлемде үздік ретінде бағаланды. Сондықтан олардың шеберлік деңгейін жоғары бағалауға негіз бар. Мұндай футболшылар қатарында «Ливерпуль» намысын қорғайтын Эндрю Робертсон, «Блэкберн Роверс» ойыншысы Чарли Малгрю, «Астон Вилладан» Джон Маклинн, «Саутгемптоннан» Стюарт Армстронг секілді жігіттер алдағы күндерде өз құрамаларын өрге сүйрейді деген сенім бар.

Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңін жаңа бапкермен бастайды. Биыл құрама тізгінін чех маманы Михал Билек ұстады. Чех маманы негізінен жастарға сенім артатынын мәлім етті. Сондықтан бүгінгі кездесуде елордалық жанкүйерлер тартысты ойын барысын тамашалайды деген үмітіміз зор.

Қазақстан мен Шотландия құрамалары бүгінгі күнге дейін бірде-бір мәрте ресми немесе жолдастық кездесу өткізіп көрген жоқ. Дегенмен екі елдің командалары еурокубок ойындарында шеберлік байқасқан еді. Қазақстандық клубтар «Селтикпен» бірнеше мәрте жолықты. Сондай-ақ, аталмыш елдің «Абердин» клубы да біздің командамен бақ сынасты.

Қазақстан мен Шотландия құрамалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 21.00-де басталады. Ойын «QazSport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай