Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 388.96
EUR 432.21
RUB 6.09
CNY 54.99

Футбол: «Қайсар» түрікмен командасынан басым түсті

2019 жылдың 21 ақпан 2019 23:14

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорданың «Қайсары» Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында бүгін соңғы кездесуін өткізді. Бұл жолы Түрікменстанның «Алтын асыр» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алтын асыр» командасы 2008 жылы құрылған. 2014 жылдан бері футболдан өз елінің біріншілігінде бес мәрте чемпион атанып үлгерді. Сондай-ақ, аталмыш команда 2010 жылы күміс, 2013 жылы қола медаль алған еді. Аталмыш клубтың бұдан басқа да жетістіктері аз емес.

«Қайсар» жігіттері бүгін өте сенімді ойнады. Қарсыластар қақпасы маңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Осындай сәттің бірінде «Қайсардың» португалдық жартылай қорғаушысы Карлос Мигель (Карлитос) мергендік көрсетті. Команда құрамына биыл қосылған Марат Хайруллин де бүгінгі кездесуден құр кетпей, қарсыластар қақпасын дәл көздей білді. Бұдан кейін Братислав Пуношевац қанжығасын майласа, соңғы голды Марк Гурман соқты. Осылайша «Қайсар» «Алтын асыр» командасын 4:0 есебімен жеңді.

Еске сала кетелік, екінші оқу-жаттығу жиыны барысында қызылордалық клуб Болгарияның «Царско Село, Украинаның «Десна» және Ресейдің «Крылья Советов», «Балтика», грузиялық ВИТ-«Джорджия» командасынан жеңіліп қалған еді. Ал Ресейдің «Нижний Новгород» командасынан басым болса, Грузияның «Сабуртало» командасымен тең түсті.

Ал алғашқы оқу-жаттығу жиыны барысында «Қайсар» 22 қаңтарда Украинаның «Олимпик» командасымен жолдастық кездесу өткізіп, бұл ойында жерлестеріміз қарсыласынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

«Қайсар» енді елге қайтады. Қызылорда қаласындағы алғашқы дайындығын 27 ақпанда бастайды деп жоспарланып отыр.

Біз бұдан бұрын «Қайсардың» құрамына португалдық футболшы қосылғанын хабарлаған едік.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қызылорда облысы,
Жоғары қарай