Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Футбол: «Астана» төрт ойында қатарынан жеңіске жетті

2019 жылдың 3 сәуір 2019 21:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Астана» өз алаңында «Атырау» командасын қабылдады. Бұл футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің алдын-ала өткізіліп жатқан 18-тур ойыны болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» биылғы біріншілікті сәтті бастады. Бұған дейін үш кездесуде ұпайдан шашау шығарған жоқ. Алдымен 10 наурызда өз алаңында «Ақтөбені» 4:1 есебімен жеңсе, одан кейін 15 наурызда елордада Көкшетаудың «Оқжетпесін» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ал 31 наурызда Талдықорғанда жергілікті «Жетісудан» 2:1 есебімен басым түсті. Нәтижесінде үш турда ұпай жоғалтпаған «Тобыл» мен «Қайраттың» қатарына қосылды.

«Атырау» командасы алғашқы турда Қызылордада жергілікті «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңді. Одан кейін «Ертіске» 1:3, «Таразға» 0:2 есебімен жол берді. Қазір турнир кестесінде тоғызыншы орында келеді.

Бүгінгі кездесуде «Астана» командасының басым екені байқалып тұрды. Ойын тізгіні негізінен алаң иелерінің қолында болды. Алғашқы гол 17-минутта соғылды. Астаналық Марин Томасовтың алыстан тепкен добы «Атырау» қақпасының жақтауына тиіп кейін серпілді. Оған елордалық шабуылшы Джуниор Кабананга бірінші жетіп, голға айналдырып үлгерді. Ал екінші голды 40-минутта Дорин Ротариу өз еншісіне жазды.

Екінші кезеңде де «Астана» қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Кезекті шабуылдың бірінде 50-минутта Абзал Бейсебеков есепті ұлғайта түсті. Ойынның 83-минутында «Атырау» есеп айырмасын қысқарта алды. Әріптесі Родиновтың берген пасын Ринат Жұматов голға айналдырды. Кездесуде «Астана» 3:1 есебімен жеңді. Осылайша олар төртінші ойын қатарынан жеңіске жетті. Турнир кестесінде елордалық клуб жеке-дара көш басына шықты.

Енді төртінші тур ойындары 6 және 7 сәуір күндері болады. 6 сәуірде «Тобыл» мен «Ақтөбе», «Ордабасы» мен «Жетісу», «Қайсар» мен «Астана», «Қайрат» пен «Оқжетпес», «Ертіс» пен «Тараз» командалары кездессе, 7 сәуірде «Атырау» мен «Шахтер» клубтары шеберлік байқасады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай