Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 371.56
EUR 422.43
RUB 5.56
CNY 53.51

Футбол: «Астана» биылғы маусымда алғаш рет жеңіліс тапты

2018 жылдың 5 мамыр 2018 20:40 84

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгін футболдан ел біріншілігінің сегізінші турында қос бірдей күтпеген нәтиже тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теміртауда Қарағандының «Шахтері» осыған дейін жеңілмей келе жатқан «Астананы» қабылдады.

Бұл ойынның тағдырын бір ғана гол шешті. 70-минутта қақпаның жақтауына тиіп, кері серпілген допты тоқтатып, қайта тепкен «Шахтердің» құрамындағы черногориялық легионер Дамир Кояшевич өз мүмкіндігін пайдалана білді. Бір қызығы, Д.Кояшевич кезінде «Астана» құрамында ойнаған болатын. Сөйтіп бұрынғы клубынан осылайша «өш алды».

«Астананың» сүрінуі мұң екен, турнир кестесінде елордалықтарды өкшелеп келе жатқан Алматының «Қайраты» мұны мүлт жіберген жоқ. Алматылықтар Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Биылғы чемпионаттағы алтыншы жеңісін тойлаған «Қайрат» 20 ұпаймен көш басындағы «Астанаға» жақындай түсті. Елордалықтардың қоржынында 22 ұпай болғанымен, олар бір ойынды артық өткізді. Демек, чемпиондық атақ үшін талас қыза түсті деген сөз.

Тағы бір күтпеген нәтиже «Тобыл» (Қостанай) мен «Қайсар» (Қызылорда) командалары арасында тіркелді. Осыған дейін үшінші орында келе жатқан, биыл Еуропа лигасына жолдама алған қостанайлықтар өз алаңында қызылордалықтардан (0:3) ойсырай жеңіліп, жанкүйерлерінің алдында жерге қарады.

Есесіне Шымкентте Павлодардың «Ертісін» 1:0 есебімен ұтқан «Ордабасы» командасы 16  ұпаймен үздік үштікке қайта оралды. Төртінші, бесінші сатыдағы «Тобыл» мен «Шахтердің» 13-тен ұпайлары бар.

Бұл турда «Атырау» мен «Ақтөбе» командалары 1:1 есебімен тең тарқасса, Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында «Ақжайықты» (2:1) ұтты.

Айта кетейік, тоғызыншы тур ойындары Жеңіс күні - 9 мамырда өтеді. Бұл күні «Ақтөбе» - «Жетісу», «Ақжайық» - «Атырау», «Астана» - «Қызылжар», «Қайсар» - «Шахтер», «Ертіс» - «Тобыл», «Қайрат» - «Ордабасы» командалары өзара кездеседі.

Соның ішінде әзірге алтыншы орында келе жатқан батысқазақстандықтар алдағы кездесуін Оралда, П.Атоян атындағы стадионда өткізеді.

Бұған дейін «Ақжайық» командасының қосалқы стадионындағы жасанды алаң жарамсыз болғандықтан, оралдықтар өз алаңындағы ойындарын Ақсай қаласында өткізіп келген болатын. «Қарашығанақ» стадионында Владимир Мазярдың шәкірттері ел біріншілігінде үш матч өткізіп, соның екеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең түсті. Ал Қазақстан кубогы үшін ойында дәл осы атыраулықтарға есе жіберді. Енді алдағы бәсекенің де қызу өтетіні анық.

 

 

Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай