Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 367.06
EUR 416.17
RUB 5.56
CNY 52.84

Футбол: «Ақжайыққа» тағы бір украиналық ойыншы алынды

2018 жылдың 1 тамыз 2018 10:46 678

  ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ақжайық» командасына тағы бір украиналық ойыншы алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жартылай қорғаушы Амбросий Чачуамен келісімшартқа қол қойылды.

А.Чачуа 1994 жылы 2 сәуірде дүниеге келген. Футболмен 2007 жылы Ровноның «Верес» клубы құрамында айналыса бастаған.

2011 жылы «Карпаты» (Львов) клубының жастар, келесі маусымда қосалқы құрамында ойнады. 2013 жылы негізгі құрамға ауысып, содан бері 90-нан астам матч өткізді.

Сонымен қатар А.Чачуа Украинаның 19 және 21 жасқа дейінгі құрамаларында өнер көрсетті.

Айта кетейік, жуырда «Ақжайық» командасының тізгінін ұстаған украиналық маман Сергей Зайцев дәл сол «Карпаты» клубынан келген болатын. Ал биылғы маусым басталғаннан бері оралдық клуб құрамында украиналық легионерлер, қақпашы Евгений Боровик, сондай-ақ Сергей Басов, Андрей Ткачук, Игорь Худобяктар ойнап келеді.

С.Зайцев шәкірттері ХХІ тур кездесуін 4 тамыз күні Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» командасымен өткізеді. Өткен турда Шымкентте «Ордабасыны» ұтып кеткен талдықорғандықтар 25 ұпаймен турнир кестесінде бесінші орынға көтерілген болатын. Ал 24 ұпайы бар «Ақжайық» «Қайсар», «Ақтөбе» командаларымен бірге 6-8-інші орындарды бөлісуде. 

 

 

Жоғары қарай