Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 377.29
EUR 418.41
RUB 6.09
CNY 54.66

Еуропа лигасы: «Астана» АЗ «Алкмарды» жеңе ала ма

2019 жылдың 24 қазан 2019 17:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Астана» футболдан UEFA Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі кезекті ойынын Голландияның АЗ «Алкмар» командасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Астана» топтық кезеңде екі ойын өткізіп үлгерді. Алдымен сырт алаңда Англияның «Манчестер юнайтед» клубынан 0:1 есебімен жеңілсе, одан кейін өз алаңында Сербияның «Партизанына» 1:2 есебімен жол берді. Сондықтан елордалық клуб бүгінгі ойында жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық. Себебі, жеңіске жетпеген жағдайда «Астана» үшін жарысты жалғастыру мүмкіндігі қиындай түседі.

АЗ «Алкмар» командасы да оңай шағылатын жаңғақ емес. Өз елінде екі мәрте чемпион атанған клуб еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып келеді. Команда 1967 жылы құрылған. Сол жылы аталмыш қаладағы «Алкмар’54» және «Занстрек» клубтары біріктірілді. Содан бері команда тарихы жазылып келеді. Голландия чемпионатында екі мәрте чемпион атанған команда төрт мәрте сол елдің кубогын төбесіне көтерді. Сондай-ақ, 1980/1981 жылғы кезеңде UEFA кубогы финалына дейін жетті. Финалда олар Англияның «Ипсвич Таун» командасымен шеберлік байқасты. Алдымен олар 6 мамырда сырт алаңда аталмыш қарсыласынан 0:3 есебімен ойсырай жеңілді. Ал 20 мамырда өз алаңында өткізілген кездесуде ағылшын клубынан 4:2 есебімен басым түсті. Бұдан кейін ондай толайым табыстарға қол жеткізе алмай келеді.

Аталмыш клуб бұдан бұрын еурокубок ойындарында қазақстандық командалармен кездесті. Алдымен 2010 жылы Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде «Ақтөбемен» жолы түйісті. Голландиялық клуб 19 тамызда өз алаңында өткен кездесуде 2:0 есебімен басым түссе, 26 тамызда қарсыласынан 1:2 есебімен жеңілді.

Одан кейін 2018 жылы Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде Алматының «Қайрат» командасымен жолы түйісті. Әуелі 26 шілдеде сырт алаңда аталмыш қарсыласынан 0:2 есебімен жеңілсе, өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде қос ойынның нәтижесімен қарсыласына жол беріп қойды.

Биыл АЗ «Алкмар» екінші іріктеу сатысынан бастады. Алдымен Швецияның «Хеккен» командасын орта жолда қалдырды. Одан кейін Украинаның «Мариуполь», Бельгияның «Антверпен» клубтарын тізе бүктірді. Осылайша топтық кезеңге жолдама алды. Топтық кезеңнің алғашқы кездесуінде сырт алаңда «Партизанмен» 2:2 есебімен тең түссе, одан кейін өз алаңында «Манчестер юнайтедпен» 0:0 есебіне қанағат білдірді.

«Астана» командасы қатарынан бүгінгі ойынға Марин Томасов қатыса алмайды. Ол Қазақстан чемпионатындағы соңғы Алматының «Қайратымен» кездесуде жарақат алып қалды.

Фото: fcastana.kz

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай