Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.10
EUR 454.34
RUB 5.82
CNY 57.62

Есімі түркі әлеміне танылған Ирфан Гюрдал қазақ әндерін шырқады

2020 жылдың 9 сәуір 2020 21:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркиялық әнші, композитор, түркі халықтарының музыкасын зерттеуші, «Түрік әлемінің саздары» ансамблінің көркемдік жетекшісі Ирфан Гюрдал қазақ жұртшылығына онлайн-концерт ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазАқпарат» агенттігінің YouTube каналында онлайн концерт барысында Ирфан Гюрдал бүкіл түркі жұртшылығына ортақ көне аспаптарда ойнап, қазақ, қырғыз және түрік тілдерінде ән шырқады.


Ирфан Гюрдал - Түркияда қазақтың қыл қобызы мен қара домбырасын, өзге де түркі халықтарының ұлттық аспаптарын өз қолымен жасап қана қоймай, шығу төркінін де тиянақты зерделеуге үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі.

«Сәлем, Қазақстан, сәлем, құрметті ағайын! Біз - бір туған елміз. Осынау проблемалы, карантинді күндерде үйде отырамыз. Мен де үйден сіздер үшін қысқа концерт дайындадым. Түркі халықтарының ортақ аспаптарымен сіздерге бірнеше ән орындап беремін», - деді концерт алдында көрерменге қайырылған түрік әншісі.

Осыдан кейін Ирфан Гюрдал түркі халықтарының ең көне аспаптарының бірі -қобызда ойнап, Қорқыт сарынымен ана тілінде ән салды. Сондай-ақ ол қобызбен сүйемелдей отырып, қазақтың халық әні «Ағажай Алтайды» орындады. Қазақтың қара домбырасын қолына алып, Ақан серінің «Балқадишасын», халық әні «Ақжорғажанды» әуелетті. Домбырамен қырғыз әні «Сарыойды» шырқады.

Айта кетейік, ҚазАқпарат YouTube арнасынан алдағы уақытта «Астана-Арқау» дәстүрлі музыка фестиваліне қатысушылардың өнерін онлайн режимде тамашалауды ұсынатын болады.


Жоғары қарай