Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 327.42
EUR 383.51
RUB 5.29
CNY 51.26

Есік қаласындағы атыс: Оқиғаға 8 адам қатысқан

2018 жылдың 17 мамыр 2018 22:40 773

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Есік қаласында полицейдің өлімімен аяқталған атысқа сегіз адам қатысқан. Олардың үшеуі оқиға орнынан ауруханаға жеткізіліп, артынша екеуі көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Еске салайық, атыс мамырдың 7-нен 8-іне қараған түні болды. Қаза болғандардың бірі полиция қызметкері еді. Кейіннен Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі полицей оқиға кезінде жұмыстан тыс уақытта болғанын ресми мәлімдеді. 

«8 адамның осы оқиғаға қатысы бар екені анықталды. Оның үшеуі дене жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, көп ұзамай  екеуі көз жұмды. Марқұм болғанның  бірі  полиция қызметкері. Аталған факті бойынша  ҚР ҚК 99-бабы 2-тармағына сәйкес  қылмыстық өндіріс қозғалды. Күдікті екі адам. Олар ұсталып, қамауға алынды. Пышақ, аңшы мылтығы тәркіленіп, іске айғақ зат ретінде тіркелді»,-  деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Ведомства өкілдері куәгерлердің жауабы, бейнебақылау камерасындағы айғақтар, сараптама қорытындысының барлығы тергеу барысында тексерілетінін атап өтті.

«Екі адамның өліміне әкеп соққан оқиға жіті тексерілетін болады. Бастапқыда жанжалмен басталып, соңында төбелеске ұласқан оқиғаның осыншама ушығуына не түрткі болғанын анықтаймыз. Кикілжіңнің туындауына кім түрткі болды, кім және кімге  дене жарақаты салынды, кім қайда болды және тағы басқа жайттардың барлығы анықталады», - деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Оқиға ҚР ҚК 99-бабынан өзге ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша да тергелетін болады. Ішкі істер органы мәлім еткендей, Есіктегі атышулы іс қатаң бақылауда.




Фото: mediavideo.blastingnews.com

 

 

Жоғары қарай