Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 384.52
EUR 431.32
RUB 6.10
CNY 55.89

Ержан Максим елордадағы жеке концертінде жаңа әндер ұсынады

2019 жылдың 18 маусым 2019 18:28 1563

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 28 маусымда елорда тұрғындары жас дарын Ержан Максимнің айрықша шоу-концертінің куәгері болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәдениет және спорт министрлігі елорда күніне орай «Голос. Дети» жобасының жеңімпазы Ержан Максимнің алғашқы дебюттік концертін дайындауда.

«Орындаушының жасы жеке концертті өткізуге еш кедергі емес, Ержан бұл іске үлкен жауапкершілікпен дайындалуға кірісті. Қазіргі таңда жас дарын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ұлықпан Жолдасов және Ренат Гайсин сынды композиторлармен композиция жазу үстінде. Бұл - Ержанның репертуарындағы алғашқы авторлық әндер. Аталмыш шығармаларды жеке концертке келген көрермендер алғашқылардың бірі болып тыңдайды» делінген хабарламада.    

Кештің репертуарында Н. Назарбаевтың «Отан-Ана», Э. Карменнің «All by Myself», М. Магомаевтың «Синяя вечность» композициялары және өзге де туындылар «Солистер академиясы» Мемлекеттік камералық оркестрінің сүйемелдеуімен шырқалады.

Сәкен Майғазиев, Ұлықпан Жолдасов, Ренат Гайсин, Айқын Төлепберген, Мөлдір Әуелбекова, Әбдіжаппар Әлқожа сынды  қазақстандық орындаушылар Ержанға қолдау көрсетіп, жас дарынмен бірге ән шырқайды.

«Кештің репертуарымен ғана емес, сонымен қатар орындаушының көрермендер алдына шығатын сахналық образымен де егжей-тегжейлі жұмыс жасалуда. «Zeken Moda» брендінің авторы Қайролла Әбішев Ержанның айрықша костюмдерін дайындап жатыр. Бір айта кетері, нақты осы дизайнер Димаш Құдайбергеннің Лондондағы концерті мен Лос-Анджелестегі «The World's Best»  (АҚШ) конкурсындағы костюмдерін тігіп берген еді» деп мәлім етті министрліктен.

Бұдан бұрын Ержан Максим астаналық балалар үйі мен «SOS балалар ауылына» барып, тәрбиеленушілерге алғашқы концертіне шақыру билеттерін өз қолымен үлестірді. Артынан Ержан «Муз»ТВ-2019 жүлдесіне қонақ ретінде қатысып, сахна сыртында ресейлік эстрада жұлдыздарымен кездесті.

Ержанның болашаққа жоспары көп. Қазіргі уақытта «Хабар» агенттігі Ержан Максим жайында деректі фильм түсіруді қолға алды.

Естеріңізге сала кетейік, 28 маусымда сағат 19-00-де қазақстандық орындаушы Ержан Максимнің алғашқы жеке концерті өтеді. Билеттерді қала кассаларында және BiletiAstani.kz. сайтынан алуға болады.

 

 

 

Жоғары қарай