Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Ертіс жастары елорда күніне орай Ақбет шыңына шықты

2019 жылдың 9 шілде 2019 05:52

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің жастары елорда күніне орай биіктігі 1023 метрді құрайтын Ақбет шыңына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті жастар саясаты департаментінің басшысы Ғабит Хафиз бұл жетістікті Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне арнайтынын атап өтті.

«Ақбет тауының шыңы - Ертіс-Баян өңірінің ең биік нүктелерінің бірі саналады, - дейді Ғабит Хафиз. - Оның теңіз деңгейінен биіктігі - 1023 метр. Шың басына дейінгі соқпақ жолдың ұзындығы 5 шақырымнан асады. Биіктікті бағындыруға университетіміздің жастары таңғы самалмен сағат 4:10-да аттандық».

Университет жастарынан құралған 14 адам Ақбет шыңына 1 сағат 50 минутта жеткен. Биік нүктеге тау жолымен жоғары көтеріліп және қайта төмен түсу үшін 3 сағат 30 минут жұмсаған.

«Бұл шыңды бағындыруға шыққан жастар - еліміздің түрлі өңірінен келген университет қызметкерлері, - дейді Ғабит Хафиз. - Арасында Ертіс өңірінің кереметтерімен таныспағандары да бар. Сондықтан Ертіс-Баянның көркем жерлерін көрсету және өзгелерге де таныстыру мақсатында елорда күніне орай шыңды бағындыруға бел байладық. Әрі ішкі туризмді дамытуға, салауатты өмір салтын ұстануға ат салысамыз».

Жастар департаменті басшысының айтуынша, тау шыңын бағындыру барысында ешкім жарақат алған жоқ.

Жоғары қарай