Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Ерлан Тұрғымбаев Баку қаласында көші-қон шарттарын жеңілдететін құжаттарға қол қойды

2019 жылдың 14 қазан 2019 20:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Әзербайжанға жұмыс сапары барысында екі үкіметаралық халықаралық келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, көші-қон саласындағы заңсыздықтармен бірлесіп күресудің нысандарын, ұйымдастыру жолдарын айқындайтын және осы бағытта ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін Келісімге қол қойылды.

Бұл келісімде ел аумағында жүрген азаматтар жайлы, екі мемлекетте азаматтықты қабылдаған немесе қалпына келтірілгендер туралы мәлімет алмасу, сонымен бірге тәжірибелер бөлісу, практикалық көмек көрсету көзделген.

Бұған қоса, Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы үкіметтері арасындағы екі ел азаматтарының визасыз жүруі жөніндегі Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.

Бұл хаттама екі мемлекет азаматтарының міндетті тіркелусіз жүруін 30 күнге дейін, сондай-ақ мемлекеттік шекарадан өткеннен кейін елде болу мерзімін 90 күнге дейін ұзартуды қарастырады. Бұдан бұрын ұлттық заңнамалар бойынша Әзербайжан азаматтары елге келген соң 5 күн ішінде ІІО-да тіркелуі тиіс болатын.

Сондай-ақ, Қазақстанның Ішкі істер министрі мен Әзербайжан Республикасы Мемлекеттік көші-қон қызметінің бастығы Вусал Гусейновпен кездесуі барысында көші-қон саласындағы өзара байланыс жасаудың өзекті мәселелері және қол қойылған келісімдерді іске асыру жөніндегі шаралар талқыланды.




«Қол қойылған халықаралық құжаттар тек біздің қызметтердің өзара іс-әрекеттерін жетілдіріп қоймай, көші-қон талаптарын оңтайландыру арқылы біздің халқымыздың достығын нығайта түседі. Сондай-ақ бұл құжаттар екі ел азаматтарының іскерлік байланысын кеңейтеді. Сол арқылы туристік саланың дамуына ықпал етеді», - деп түсіндірді Қазақстанның Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Сапар барысында Ерлан Тұрғымбаев Әзербайжанның Ішкі істер министрі Вилает Эйвазовпен кездесіп, ведомствоаралық байланыстардың келешегін талқылады.

Министрлер жедел қызметтің көптеген бағыттары бойынша полицейлердің ынтымақтастығы екіжақты форматта, сондай-ақ халықаралық құрылым аясында жоғары деңгейде қалыптасқанын атап өтті.

Жоғары қарай