Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Ерболат Досаев инфляцияға ықпал еткен себептерді атады

2019 жылдың 13 тамыз 2019 11:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың пайымынша инфляцияның туындауына шілдеде 8,7%-ға жеткен азық-түлік тауарлары бағасының өсімі ықпал еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инфляцияның туындауына шілдеде 8,7%-ға жеткен азық-түлік тауарлары бағасының өсімі ықпал етіп отыр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы қалыпты өсу қарқынын көрсетті. Ал ақылы қызметтер бағасының серпіні тарихи минимумда сақталды. Халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі аясында тұтынушылық сұраныстың кеңеюі инфляцияның жылдам өсуінің негізгі тәуекелдері болып қалады. Осыған орай Үкіметтен инфляцияның өсуіне көбірек ықпал еткен жекелеген тауарларға бағаның өсуін бақылау шараларын күшейтуді сұраймыз», - деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.

Ұлттық банк төрағасы ішкі валюта нарығындағы ахуал көп жағдайда сыртқы факторлардың ықпалында екендігін айтып берді. 12 тамыздағы жағдай бойынша теңге бағамы жыл басынан бері 0,9%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 387,48 теңгені құрап отыр.

«Сыртқы сектордағы жағдай тұрақсыз. Мұнай бағасы құбылып тұр. 31 шілде – 7 тамыз аралығында мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 65,2 АҚШ долларынан 56,2 АҚШ долларына дейін күрт төмендеді. Бұл АҚШ Президентінің Қытай тауарларына баж салығын енгізу туралы мәлімдемесінен кейін болды. 2019 жылғы 9 тамыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы бір баррель үшін 58,5 АҚШ долларына дейін өсті», - деп түсініктеме берді Ерболат Досаев.

Ұлттық банк басшысы атап өткендей, Ресей рублі айдың басынан бастап 9 тамызға дейін бір АҚШ доллары үшін 63,4 рубльден 65,1 рубльге - 2,8%-ға әлсіреген. Сондай-ақ, Ерболат Досаев хабарлағандай, Ұлттық банктің алтын валюта резервтері 2019 жылғы 1 тамызда 27,7 млрд АҚШ долларын құрап отыр.


Жоғары қарай