Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Ералы Тоғжанов маңғыстаулық жұмысшылармен кездесті

2019 жылдың 12 қараша 2019 17:13

АҚТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысындағы ірі кәсіпорындар жұмысшыларымен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат КФ сілтеме жасап хабарлайды.

Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысындағы жұмыс сапарының екінші күні өңірдегі екі ірі кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті.

ҚРКФ басшысы Жетібай мұнай-кен орнындағы «Oil Services Company» ЖШС және «CASPI BITUM» БК» жұмысшыларымен кездесті. Ералы Тоғжанов кәсіпорындардың жұмысшыларымен кездесуде әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелерді талқылады. Әр кәсіпорында үш мыңдай жұмысшы еңбек етеді, олардың 90 пайызы - кәсіптік одақтар мүшелері.

Қазір Маңғыстау облысында жұмыс істеп тұрған 10 200 кәсіпорынның 4 пайызында ғана кәсіподақ ұйымдары бар. Барлығы - 397 кәсіподақ ұйымы.

Кездесу барысында Федерация төрағасы қауіпсіз жұмыс орындарын қамтамасыз ету және лайықты еңбек шарттары мәселелері жөнінде сөз қозғады. Ол өндірістегі өлімге апарып соқтыратын жазатайым оқиғаларға алаңдаушылық білдірді.




«2019 жылдың 1 қазанына дейін Маңғыстау облысында 40 жұмысшы өндірістік жарақат алып, 2 адам қаза болды. Ал 2 адам жазатайым оқиғалардан зардап шекті», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов. ҚРКФ басшысы адам ресурстарын сақтаудың басты факторы ішкі бақылау механизмдерін жетілдіру және жұмысшылардың ғана емес, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіптік одақтардың рөлі маңызды екендігін атап көрсетті. «Кәсіптік одақтар жұмыс істейтін кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайлары, әлеуметтік тұрақтылық сақталған. Жұмыс беруші кәсіптік одақтармен өзара әріптестік орната отырып, жұмысшылардың әлеуметтік және жеке мәселелерін, еңбек даулары шешілуі мен еңбек заңнамаларының сақталуы ісінде сенімді қолдауға ие болады», - деп айтып өтті ҚРКФ төрағасы. Кәсіподақ ұйымдары мұнай компанияларында ғана емес, олардың мердігерлік ұйымдарында да болуы тиіс екендігі атап өтілді. Осы күні ҚРКФ басшысы кәсіподақтар қозғалысының ардагері Имамади Айналиевтің шаңырағында болып, ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін 2019 жылғы 10 қазанда ресми деңгейде тұңғыш рет аталып өткен Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай Кәсіптік одақтар федерациясының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Имамади Айналиев 40 жыл бойы Мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің кәсіптік одақтар облыстық комитетінің төрағасы және Маңғыстау облыстық Кәсіптік одақтар кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған. Маңғыстау облысы Тәртіптік кеңес мүшесі болған. Ералы Тоғжанов ардагердің еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының дамуына қосқан зор үлесін айрықша атап өтті.




Басты сөздер: Маңғыстау облысы, Қоғам,
Жоғары қарай