Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Энергетика министрлігі Қаламқастағы өртке қатысты жағдайды айтты

2019 жылдың 26 наурыз 2019 20:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов Маңғыстау облысы Қаламқас мұнай-газ кен орнындағы жағдай жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 13 наурызда Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылады. Ал 25 наурыз күні сағат 07:10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне «Қаламқас» кен орнындағы ұңғымадан шыққан газ жанып, биікті 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы хабарланды.

«МаңғыстауМұнайГаз» АҚ диспетчерлік қызметінің хабарлауынша, 13 наурыз күні №8237 ұңғымасын бұрғылауда газ-су қоспасы атқылаған. 13-24 наурыз күндері мамандар ұңғыманы бор ерітіндісімен шаю, от таралмау үшін жөндеу және оқшаулау жұмыстарын жүргізді. 25 наурыз күні сағат 17:46-да апатты ұңғыма маңында газ-су қоспасының ошағы өртенді. «Семсер өртсөндіруші» құрамы оқиға орнына 17:58-де жетті. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. 25 наурызда өртті сөндіру үшін Ақтаудан тағы 6 топ өрт сөндірушілер, 4 автоцистерна, жылжымалы сорғы стансасы және газ сөндіретін автомобиль жеткізілді», - деді Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, оқиға орнына Маңғыстау облысы ТЖ департаментінің 12 өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамынан 53 адам, «Семсер өртсөндіруші», «Файрпротекшн» компанияларының қызметкерлері жұмылдырылған.

«Өрт сөндіру кезінде мамандар көшпелі лафетті құрылғылар арқылы жалынды оқшаулауға тырысты. Өрт ошағына жол салу үшін 60 машина мергель себілді және бұл жұмыс жалғасып жатыр. Бүгін 13:30-да өрттің №8237 ұңғымаға ауысқаны хабарланды. Оқиға орнында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов, облыс әкімі, «Қазмұнайгаз» АҚ басшылығы жүр», - деді вице-министр.

Сонымен бірге бүгін штаб өз тактикасын өзгертетіні туралы хабарлаған.

«№8237 ұңғыманың да отқа орануына байланысты, өрт шыққан ошақты оқшаулау шешімі қабылданды. Сәйкесінше, өртенуі мүмкін барлық қажетті құралдарды алып шығып, жалын ошағын жою қажет», - деді Б. Ақшолақов.

Жоғары қарай