Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Еңбек қауіпсіздігі: жазатайым оқиға аз болатын ұйымдарға сыйақы тағайындау ұсынылды

2019 жылдың 7 тамыз 2019 21:45 154

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Тастанбек Есентаев 2019 жылдың алғашқы жарты жылындағы орталық қызметін қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында өндірістік апатқа қатысты 28 оқиға тіркелген және 7 адам бақилық болған.

«Қайғылы оқиғаларды тексере келе, травматизмнің басты себебі – жұмыс берушілердің салғырттығы екенін анықтадық. Олар жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған, қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігін түсіндірмеген, қолданыстағы техникалары ескірген. Жарақат оқиғасы жиі болған ұйымдарда кәсіподақтар болмаған», - деді Т. Есентаев Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жазатайым оқиғалар қосалқы мердігерлер жұмысында жиі болады. Себебі, қосалқы мердігерге тапсырылған жұмыс көлеміне ғана ақша бөлінеді де, қауіпсіздікті сақтау, еңбек келісімшарттарын ұстануды ешкім қолға алмайды. Осы орайда, елордалық кәсіподақтар орталығы бар жауапкершілікті бас мердігерге тапсыру, жазатайым оқиға аз болатын ұйымдарға қаржылай сыйақы беруді ұсынып отыр.

Сонымен бірге, орталық басшысы ұжымдарда Өндірістік кеңес құруды заңмен міндеттеуді ұсынды.

«Өндірістік кеңес арқылы жұмысшылардың еңбек қабілеттігін арттырып, қауіпсіздік талабын көтеруге болады. Еңбек заңнамасында өндірістік кеңес туралы нақты заң болуы қажет. Қазіргі уақытта өндірістік кеңес құру құқығы жұмыс берушінің еркінде. Яғни, қаласа – құрылады, қаламаса – құрылмайды. Бұл туралы ҚР Кәсіподақтар ұйымы тиісті ұсынымдар берді, Парламентте қаралады. Одан басқа, халықаралық еңбек ұйымының конвенциялары бар. Сондағы 175 конвенцияның Қазақстанда сегізі ғана қабылданған. Сондықтан, халықаралық конвенцияларды барынша қабылдап, елдегі жұмысшылардың қауіпсіздігін көтеру қажет», - деді ол.

Т. Есентаев кәсіподақ жанынан ашылған медиация орталығы туралы айтып берді.

«Еңбек даулары мен құқықтық қатынастардан туындайтын даудың алдын алу жөнінде ҚР жоғары сотымен бірге пилоттық жоба жүзеге асырып жатырмыз. Астаналық кәсіподақ жанынан ашылған медиация (ымыраласу) орталығында әділдік іздеп келген жұмысшыларға медиациялық көмек көрсетеміз. Жыл басынан бері орталыққа 5 мың адам шағымданып, оның 2 пайызы ғана (100 адам) сотқа жүгінді. Қалғандары өз мәселесін толық шешті», - деді Тастанбек Есентаев.

Кәсіподақ келтірген деректерге сәйкес, жыл сайын әлемде 3 млн жуық адам өндірістік қызметте мерт болады. Ал 370 млн астам адам өндірістік жарақат пен кәсіби сырқатқа ұшырайды.

Қазақстанда жыл сайын мың жарым адам жазатайым жағдайға ұшырап, 200-ден астамы көз жұмады. Кәсіби сырқатпен ауыратындар саны 300 мыңға жетті.

Жоғары қарай