Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Елжан Біртанов Алматыда басы дауға қалған дәрігерлерге қатысты пікір білдірді

2019 жылдың 27 қыркүйек 2019 16:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қаласы №4 клиникалық ауруханасының анестезиологы Асқар Тұңғышбаев пен сол аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматылық дәрігерлерге қатысты айтар болсам, науқастың жағдайы қиындап, арты қайғылы жағдаймен аяқталса – бұл жағдайды заңнамалық контексте ғана қарау керек. Демек, тиісті механизм бар. Бұл жағдайда (өзінің кәсіби міндетін тиісті деңгейде орындамау бабы бойынша) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары заң талаптарына сай жүргізілуі керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Біз және басқа да мемлекеттік органдар бұл жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Яғни, толыққанды сараптама жүргізілуі керек. Дәрігерлердің қателігі немесе жұмысында кемшілігі болды ма? Егер қателік болса, сол қателік науқастың өліміне әкеп соқты ма? Бірақ, тергеу жүргізу денсаулық сақтау министрлігінің құзіретінде емес», - деді Елжан Біртанов Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министр медициналық қызметкерлер тарапынан түсінбеушілік барын айтады.

«Бас бостандығынан айыру секілді бұлтартпаудың ауыр түрін қолдану қажет емес деп есептеймін. Жеткілікті дәрежеде білікті болғаннан кейін дәрігерлер ары қарай жұмыс істеуі тиіс. Сол себепті Мемлекет басшысының бұл жағдайға назар аударғанына қуанып отырмыз. Бұл жағдайға қатысты позициям осы. Эмоциясыз, заңнамалық талап бойынша тергеу жүргізу керек. Шешімді сот қабылдайды», - деді Елжан Біртанов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысына сәйкес, Асқар Тұңғышбаев (Алматы қаласы №4 қалалық клиникалық ауруханасының анестезиологы) пен Қанат Тезекбаев (Алматы қаласы №4 мемлекеттік клиникалық ауруханасының бас дәрігері) екі ай мерзімге қамалған болатын. Олар ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлімінде қарастырылған қылмысты жасады деп күдікке ілініп отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия ауруханасында жасалған отадан соң қайтыс болған науқастың өлімін заңға сәйкес тексеруді тапсырды. Сол күні Алматы қаласы №4 ауруханасының бас дәрігері Қанат Тезекбаев ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған еді.

Жоғары қарай