Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 397.56
EUR 445.94
RUB 5.82
CNY 55.96

Елордалық полицей блокбекеттен жүкті әйелді шұғыл перзентханаға жеткізді

2020 жылдың 28 наурыз 2020 23:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық полиция қызметкерлері аяғы ауыр әйелді блокбекеттен жедел түрде перзентханаға жеткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәлім болғандай, оның кенеттен толғағы басталған.

«Бүгін түнде Қосшыдағы блок бекетке ішінде аяғы ауыр әйел отырған көлік келді. Бекеттегі Рүстем Болатов босанатын әйелді патрульдік көлікке отырғызып, перзентханаға жеткізіп салу туралы жедел шешім қабылдаған. Осы уақытта бекетте кезекші болған Жол-патрульдік полициясының мамандандырылған батальоны қызметінің инспекторы Ерлан Исаев аяғы ауыр әйелді полиция көлігіне отырғызуға көмектесті», - делінген ақпаратта.

Полицей әйелді 10 минут ішінде Рысқұлбеков көшесінде орналасқан перзентханаға жеткізген. Ол перзентханаға алдын ала хабарласып, жағдайды түсіндіріп айтқан. Дәрігерлер әйелді күтіп отырған.

«Жолда уайымдадық. Әр сәт біз үшін қымбат болды. Мен өмірімде бірінші рет осындай жағдайға тап болдым. Жол бойы әйелмен сөйлесіп, оны тыныштандыруға көмектестім», - дейді Ерлан Исаев.

37 жастағы әйелдің жетінші сәбиіне аяғы ауыр. Оның төрт ұлы, екі қызы бар. Ол уақытылы көрсетілген көмек үшін полиция қызметкерлеріне алғыс айтты.

Ерлан Исаевтың өзі бес баланың әкесі екенін айта кету керек. Бәрі ойдағыдай екеніне көз жеткізген полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін одан ары атқаруға кірісті.


Жоғары қарай