Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

Елордалық 40 минут суық суда отырып, өз рекордын жаңартты

2020 жылдың 20 қаңтар 2020 07:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қайырбек Аяшев бұған дейін де сақылдаған сары аязда көйлекшең жүріп, жұртты талай таңдай қақтырған еді. Бұл жолы да мамандардың ескертуіне қарамай тәуекел етіп Есілге түсті. Сөйтіп, ойықта тапжылмастан 40 минут отырды, деп хабарлайды Хабар 24.

Елордалық Қайырбек Аяшев суда тапжылмай отыру бойынша жаңа рекорд жасауға тәуекел етті.

«Судың тепературасы 2-3 градус болып тұр. Бұндай жағдайда адам ағзасы 10-15 минутқа шыдайды. Егер одан асып кетсе өлім қаупін тудыруы мүмкін», - дейді фельдшер Әділбек Жиенбаев.

Кейіпкеріміз дәрігердің де, құтқарушылардың да ескертуне мән берген жоқ. Өйткені ол өткен жылы дәл осылай 35 минут бойы мұздай суда отырып, елде рекорд орнатқан. Биыл да алған бетінен қайтпады.

«Судан шыққан кезде оны бірден жылы жерге кіргізуге болмайды. Арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Сондықтан салқындау жерде 5-10 минуттай ұстау қажет. Артынан кішкене шай беріп, біртіндеп бойын жылыта бастаймыз», - дейді жергілікті тұрғын Еркін Әлімжанов.

Ақыры Қайырбек Аяшев суда 40 минут бойы тапжылмастан отырып, жаңа рекорд тіркеді. Өкінішке орай, онымен тілдесудің сәті түспеді. Арнайы мамандар бірден денсаулығын тексеруге алып кетті. Қалай болғанда да осынша ұзақ суда отыру денсаулыққа қауіпті саналады. Тіпті кәсіпқой морждардың өзі 5 минуттан артық суға шомылмайды.

«Арнайы дайындықсыз қыстың қақ ортасында суға түсе салуға болмайды. Мұның соңы сіңірдің тартылып, дененің жансыздануына әкелуі мүмкін. Жүрекке де үлкен салмақ түседі. Сондықтан кемінде 2-3 апталық дайындық қажет. Ал бір рет ғана түсудің денсаулыққа пайдасынан гөрі зияны көп», - деді қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Сатыбалдиев.


Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Оқиға,
Жоғары қарай