Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Елордаға газ жеткізу 45 млрд теңгені қажет етеді – Алтай Көлгінов

2019 жылдың 9 қазан 2019 17:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бас қалаға газ жеткізу жұмыстары мен оған қанша қаражат жұмсалатыны туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Газ жеткізу құбырының дәнекерлеу жұмысы аяқталды. Ендігі жердегі қала әкімдігінің міндеті газ құбырын қала ішіне жеткізу, бұл жұмыс басталып та кетті. Нақты айтқанда, қаладағы ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге жеткізу үшін барлығы 13,5 шақырымдық құбыр қажет, оның 10 шақырымы бүгінде қазылды. Яғни, елордаға газ берудің бірінші кезеңі бойынша ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге газ келеді. Ал қала бойынша Көктал-1,2, Агроқалашық, Оңтүстік Шығыс және Интернационал елді мекеніне газ келеді. Ал қаланың қалған бөлігіне 2 кезеңде жеткізіледі. Елордаға газ жеткізу жалпы құны 45 млрд теңге қаражатты қажет етіп отыр», - деді А. Көлгінов.

Қала басшысының айтуынша, Нұр-Сұлтанға газдың келуі бірқатар проблемалардың шешілуіне септігін тигізеді.

«Алдымен отын, көмір жағудың салдарынан туындайтын ауа мен экологияның ластануынан арыламыз. Екінші мәселе, газдандырудың нәтижесінде түрлі қалдықтарды тастау азаяды. Ресми деректерге сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласынан жыл сайын 40 мың тонна түрлі санаттағы қалдық шығарылады. Сондай-ақ, тұрғындардан да қала экологиясына қатысты келіп түсетін арыз-шағымдар аз емес. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы елорданың экологиясына қатысты ескерту жасап, тиісті тапсырма берді», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Сарыарқа» магистралі бойынша елордада жыл соңына дейін газ беріле бастайтыны белгілі болды.

Жоғары қарай