Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 387.34
EUR 428.44
RUB 6.04
CNY 54.58

Елордада ұлттық үстел ойындарының тұңғыш фестивалі өтіп жатыр

2019 жылдың 20 тамыз 2019 12:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен ұлттық үстел ойындарының алғашқы республикалық фестивалі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ, неміс, корей, еврей, поляк, армян, беларусь, славян, украин, дүнген, қырғыз, казак, өзбек, күрд, қарақалпақ жән башқұрт ұлттарының 16 түрлі үстел ойыны таныстырылатын шара ұмыт болып бара жатқан ғұрыптарды жаңғыртуға бағытталыпты. Елордалық этно-мәдени бірлестіктердің шеруімен басталған фестивальге қатысушыларды Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев құттықтады.





«Кез келген халықтың өмірінде ұлттық ойындардың маңызы зор болған. Ол халықтың өмір сүру салтынан хабар бере отырып, күшті, қарымды, әдісқой болу тәсілдерін үйреткен. Жас ұрпақты шымыр, батыл, ұшқыр ойлы, тапқыр болуға тәрбиелеген де осы ұлттық ойындар. Мысалы, қазақтың бәйге, аударыспақ, көкпар, жамбы ату сияқты сайыстарының, жастарған арналған қыз қуар, алтыбақан, ақсүйек сияқты сауықтық шаралардың, ойлауды дамытып, есептеуге, төзімділікке үйрететін қисынға құрылған ойындардың бірнеше мың жылдық тарихы бар.




Елімізде этномәдени тәрбиеге мемлекеттік деңгейде мән беріліп отыр. Үстел ойындары – ұлттық ойындардың бір тармағы. Оның көбі рәсім немесе әскери сайыс ретінде көнеден келе жатыр. Қазір көбінің мәні мен мазмұны өзгеріп, заманға сай жетілген. Тіпті кейбірі ұмыт болып барады. Бүгінгі шара елдегі этностардың осы ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындарын бір-біріне насихаттауына жол ашады», - деді Жансейіт Түймебаев.
















Фествальге қатысушылар өз ұлтының үстел ойынын шара қонақтарына таныстырып, шеберлік сағаттарын өткізді. Немістің «уносы», корейдің «хатосы», татарлардың «экияты», еврейдің «дренделі», қырғыздың «тоғыз коргоолы», башқұрттың «жастық ұрысы», өзбекті «шаппасы», қарапалқпақты «бекташы» ойын сүйер жасөспірімдердің ғана емес, түрлі этнос өкілдерінің де назарын аударды. Фестиваль аясында ұлттық ойын шебері Ақтөре Қуандықов қазақтың асық ойындарын паш етіп, ел ықыласына бөленді.




Фестиваль қорытындысында шараға белсенді атсалысқан этномәдени бірлестік өкілдерін марапаттау жоспарланған.




Жоғары қарай