Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 437.20
EUR 475.32
RUB 5.79
CNY 61.94

Елордада тәуліктің қарбалас шағында қосымша 7 қоғамдық көлік жүреді

2020 жылдың 27 ақпан 2020 17:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кейбір қоғамдық көлікке адамның толып кету проблемасын шешу үшін CTS компаниясы қосымша 7 қоғамдық көлікті жолға шығармақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл біз енгізіп жатқан жаңашылдықтың тағы бірі – «дәлелді» бағдарлар деп аталады. Олардың алғашқысы №24А бағдары жолға шығарылып та қойды. «Дәлелді» бағдарлар дегеніміз не? Бізде кейбір автобустарда жолаушылар тасымалы өте тығыз келеді. Мәселен қаланың Сарыарқа көшесіндегі автобустарға халық сыймай қалады. Сол себепті біз тәуліктің қарбалас шағында қосымша бағыты қысқа қоғамдық көліктерді шығаруды ұсынамыз», - деді CTS компаниясы басшысының орынбасары Бауыржан Сеитов «Елордадағы қоғамдық көлік кешенін дамыту: кеше, бүгін, ертең» атты көрме-конференциясында.

Оның айтуынша №7А, 8А, 11А, 15А, 24А, 47А, 54А бағдарындағы автобустар осылайша тәуліктің қарбалас шағында жолға шығарылады.

«Бұл өзгеріс қандай мүмкіндіктерді береді? Бұл жерде қоғамдық көліктермен қызмет көрсетудің тиімділігі артып, автобустарды оңтайлы тәртіпте пайдалануға жол ашылады», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгінгі көрме-конференция барысында Бекмырза Игенбердинов елордада кәмелетке толмаған балалар қалаішілік қоғамдық көлікпен тегін жүретінін хабарлаған еді.

Сонымен қатар халықтың алты санатына кіретін азаматтарға қала маңы бағдары бойынша қоғамдық көлік тегін болады. Ол алты санаттың ішіне зейнеткерлер, мүгедектер, соғыс ардагерлері, мүгедектерді алып жүрген адамдар, көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылардың мүшелері кіреді.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Көлік, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай