Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Елордада сыртқы жарнама орналастыру ережелері түсіндірілді

2020 жылдың 26 ақпан 2020 11:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде астаналық жарнама агенттігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 2 мыңнан астам жарнама құрылымы бар. Олардың қатарына билборд, афиша, LED экран, аялдама кешені кіреді. Нақтырақ айтсам, қалада 95 LED экран бар. Бір өкініштісі, соңғы уақытта заңсыз немесе тиісті органдардан келісім алмай ілінген жарнамалар көбейіп барады», – деді оғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.

Кездесу барысында сөз алған Ономастикалық жұмыс және мемлекеттік рәміздер бөлімінің басшысы Гүлжан Құрманғалиқызы заңсыз әрі қатеге толы жарнамалар үшін алдағы уақытта салынатын айыппұл туралы түсіндіріп берді.

«Біз жарнама агенттіктері берген мәтінді тексеріп, келісім береміз. Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 455-бабына сәйкес айыппұл салу ісі қарастырылған. Аталған баптың 3-тармағы бойынша жарнама тарату тіліне белгіленген талапты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 20 АЕК, лауазымды тұлғаларға 70 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық ұйымдарға 100 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Осыған орай Тіл туралы заңның 21-бабына сәйкес кез келген ақпарат (оның ішіне жарнама да кіреді) мемлекеттік тілде және орыс тілінде болуы тиіс», – деп Гүлжан Құрманғалиқызы жарнама агенттігінің өкілдеріне ескерту жасады. Жиын барысында сөз алған қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Сергей Ильиных соңғы уақытта жарнама билбордтары арқылы есірткі саудасы жарнамаланып кеткенін жеткізді.

«Есірткі бизнесі өз қылмысын тарату үшін ақпараттық технологияны қолдануда. Осы мақсатта интернет ресурстарын, түрлі мессенджерлерді пайдаланады», – дейді Сергей Ильиных.

Оның айтуынша, 2019 жылдың 27 желтоқсанынан бастап арнайы заң жобасы енгізілген, оның негізінде есірткі немесе соған ұқсас өнімді насихаттаған, жарнамалаған азамат үш жылға дейін, ал БАҚ беттерінде немесе өзге де құралдарда жариялағанға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Басқосуда Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді жарнама агенттіктеріне 2020 жылдың 3 наурызына дейін жарнама нысанының эстетикалық түрін қалпына келтіру, сондай-ақ, «Жарнама туралы», «Тіл туралы» заңдарды, ҚР басқа да нормативтік актілерін сақтау керектігін айтып өтті.


Жоғары қарай