Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Елорда атауын ауыстыруға қосымша қаржы шығындалмайды - Әлихан Смайылов

2019 жылдың 26 наурыз 2019 13:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда атауын Астанадан Нұр-Сұлтанға ауыстыруға байланысты қосымша қаржы шығындалмайды.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Таяуда елордамызды Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Заң қабылданды. Осыған орай республикалық не болмаса жергілікті бюджеттерден қандай да бір қосымша ақша қарастырылып отырған жоқ. Орталық мемлекеттік органдарға қатысты айтар болсам, Нұр-Сұлтан қаласы аумағында орналасқан барлық ғимараттардың маңдайша жазуларын ауыстыру үшін ағымдағы қаржыландыру аясындағы, яғни, мемлекеттік органдарды жыл сайын күтіп ұстауға бөлінетін қаражат қажет етіледі», - деді ол.

Сонымен қатар ол мемлекеттік органдардың құжаттамаларын ауыстыруға да қосымша қаражаттың қажет еместігін баса айтты. Оған электронды құжат айналымы мүмкіндік беріп отыр.

«Мемлекеттік органдардың электронды құжат айналымға көшкенін ескеру қажет. Сондықтан бланктер басып шығаруға қандай да бір айтарлықтай шығыс қажет емес. Бұл шығыстар жыл сайын бөлінетін қаражат шегінде жүзеге асырылады. Нормативтік-құқықтық актілерге де қосымша шығыстың еш қажеті жоқ», - деді министр.

Оның атап өтуінше, қала көшелеріндегі маңдайша жазулар негізгі көшелерден басталып, біртіндеп ауыстырылатын болады.

«Кеше қала әкімімен сөйлестім. Ол толықтай алғанда қаладағы ескірген маңдайша жазушалары мен жол сілтеме тақтайшаларды ауыстыруға жергілікті бюджеттен 40 млн теңге жыл сайын қарастырылатындығын айтты. Яғни, бұл ағымдық шығыстар. Оның аясында аталған маңдайша жазушалары мен жол сілтеме тақтайшыларды біртіндеп ауыстыру жоспарланған. Қалаға кіре берістегі негізгілерінен басталып, одан кейін біртіндеп өзге қажетті жерлерде ауыстырылады. Олар қандай да бір қосымша қаражат бөлуді жоспарлап отырған жоқ», - деді Ә.Смайылов.

Жоғары қарай