Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 366.43
EUR 420.11
RUB 5.58
CNY 52.87

Елімізге вакцина жеткізуші компаниялардың мәселелері қаралды

2018 жылдың 12 қазан 2018 18:40 422

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отандық 7 бірдей вакцина жеткізуші компанияның препараттарына қатысты мәселе «Атамекен» ҰКП кеңесінде қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2017 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті құтыруға қарсы екпені жеткізуші 7 компанияның мемлекеттік сатып алуға жауапсыз деп тану арқылы және алдыңғы уақытта жеткізілген ветеренарлық препараттарды ауыстыру бойынша талап арызбен сотқа жүгінген.

Арыз жазуға «Қазақ ветеренарлық ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жүргізген ветеренарлық препарараттардың сапасына зертханалық сынаудың теріс нәтижелері себеп болған. Атап айтқанда, «Ветбиофарм» ЖШС және ҚР АШМ Ветеренарлық бақылау және қадағалау комитеті 2016 жылы 2 маусым күні жалпы сомасы 98 млн теңгені құрайтын 1,3 млн доза көлемінде вакцинаны мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасасқан.

Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, мемлекет аумағында ветеренарлық өнімдерді айналымға шығару және пайдалану зерттеулердің оң нәтижесі шыққан жағдайда ғана рұқсат етіледі.

«Ветеренарлық бақылау және қадағалау комитеті тауарды қабылдаудан кейін 9 ай өткен соң және 3 ай келісімшарт қолдану мерзімі аяқталғаннан кейін, Қазақ ветеренарлық ғылыми-зерттеу институты вакцинаға сынақ жүргізіп, оның иммуногенді белсенділік көрсеткіштері бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған. Содан соң Комитет фирмаларға ветеренарлық препараттардың бүкіл партиясын ауыстыру қажеттілігі туралы хабарлама жіберді», - деді Республикалық ветеренарлық және азық-түлік қауіпсіздігі қауымдастығының төрағасы Нұрлан Туғамбаев.

Қауымдастық төрағасының айтуынша комитеттің уәкілетті тұлғалары зертханалық зерттеулердің теріс нәтижелерін біле тұра, алдыңғы уақытта қабылданған препараттарды өңірлерге қолдануға заңсыз жіберген, осылайша ветеренарлық препараттарды қолдану бойынша бекітілген ережелер бұзылған.

«Бұған қоса сот тергеуі кезінде Қазақ ветеренарлық ғылыми-зерттеу институты ЖШС сараптаманы жүргізу уақытында иммуногендік белсенділіктің көрсеткішін анықтау саласында сәйкес аккредитациясы болмағаны анықталды», - деді ол.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот және Астана қаласының азаматтық істер бойынша сот алқасы Комитеттің талап арыздарын қанағаттандырудан бас тартқан.

Алайда ҚР Жоғарғы соты сот актілерін алып тастап, фирманы мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп таныды.

«Біз қандайда да бір шешім қабылдай алмаймыз, бірақ кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылғанын көріп отырмыз. Дегенмен Жоғары сот шешімі шығып қойды, оған қарсы шағымданып өзгеріс енгіздіруге біздің құқығымыз жоқ. Өйткені, Жоғары соттың шешімін теріс деп танитын функция жоқ, басқаша айтқанда поезд кетіп қалды. Біз тек құқық қорғау органдарына басқа да мемлекеттік органдарға ұсыныс қана айта аламыз. Сондықтан Бас прокуратураға аталған комитетке қатысты мәселені және жалпы комитетке жүйелі түрде тексеріс жүргізуді ұсыныс ретінде бағыттау керек. Бұдан бөлек, Ұлттық бюроға да жүгінуді ұсынамын. Бұл жерде мемлекеттік сатып алу жұмысын да қайта қарау керек», - деді «Атамекен» ҰКП жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Отырыстың нәтижесін қорытындылай келе, кеңес төрағасы мемлекеттік сатып алудың тиімділігі қызметкерлердің басқа да тиісті заңнама талаптарының орындалуына барынша ықпал ететінін де айтып өтті.

Айта кетейік, кеңес отырысына аталған Комитеттің өкілдері қатысқан жоқ. 

 

 

Жоғары қарай