Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Елімізде осал топқа жататын әйелдерді қолдау орталығын ашу ұсынылды

2019 жылдың 7 қазан 2019 17:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өтіп жатқан «Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыру» атты сарапшылар қауымдастығының диалогтық отырысында еліміздің әр қаласында осал топқа жататын әйелдерді қолдау орталықтарын құру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің қоғамдық қор әлеуметтік осал топқа жататын әйелдерді қолдауға арналған. Жұмыс істеп жатқанымызға 1,5 жыл болды. Осы уақыт ішінде 230 аталған топқа жататын елордалық әйел кәсіпкерлікке баулу курсынан өтті. Атап айтқанда, компьютерлік сауаттылық, копирайтер, SMM, шешендік өнер және тағы басқа. Олар бір айы бойы оқып, нәтижесінде сертификат алып шығады. Бізде оқыған әйелдердің ішінде жалғысбасты, мүгедек бала бағып отырған, көпбалалы және аз қамтылған отбасы әйелдері бар», - деді «МамаПро» осал топқа жататын әйелдерді қолдауға арналған қоғамдық қор басшысы Әсия Тикеева отырыста жасаған баяндамасында.

Оның айтуынша, осал топқа жататын әйелдерді қолдау орталықтарын еліміздің барлық өңірінде ашу қажет.

«Біз бір күнде әйелдердің басын қосып, кәсіпкерлікке оқытуды бастаған жоқпыз. Ол үшін арнайы бағдарлама жасалды. Біздің орталыққа түрлі себептермен жұмыс істей алмай жүрген немесе өз кәсібін дөңгелеткісі келетін, бірақ мүмкіндіктері жоқ әйелдер келеді. Қор жұмысы бүгінде өз нәтижесін беріп жатыр. Бір жылдың ішінде 200-ден астам әйел білім алып, оның 30-ы өз ісін ашып, 20 адамды жұмыспен қамтыды. Дегенмен осы уақыт ішінде байқағанымыз бізге келген әйелдер кәсіпті үйренуден бөлек, психологиялық қолдауды қажет етеді. Көптеген әйелдер түрлі өмірлік немесе отбасылық жағдайға байланысты мақсат-мұраттарынан айрылған, себебі олардың мұңы басқа. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан біз секілді үкіметтік емес ұйымдарды қолдап, еліміздің барлық қалаларында аталған санатқа жататын әйелдерді қолдау орталығын құруды ұсынғым келеді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, біздің қор Алматыда жұмыс істеп жатыр. Онда қазіргі күні 20 әйел кәсіпкерлік бойынша білім алуда», - деді ол.

Айта кетейік, елордада «Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудағы Үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыру» атты сарапшылар қауымдастығының диалогтық отырысы өтіп жатыр. Аталған отырыста азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданатыны айтылды.

Жоғары қарай