Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 377.65
EUR 427.31
RUB 5.87
CNY 56.25

Елімізде қызылшамен ауырған балалардың 80 пайызы екпе алмаған - Абаев

2019 жылдың 24 қаңтар 2019 22:00 620

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елімізде қызылша ауруын жұқтырғандардың көбеюіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы қызылшаның тарау жағдайы әлемнің түкпір-түкпірінде тіркеліп жатыр. Бір жылдары бұл ауруға шалдыққандар көп болса, екінші жылы аз болуы ықтимал. Бірақ, оған бір дегенде жүздеген адам шалдығып жатады. Мәселен, 2005 жылы Қазақстанда қызылшамен 16 мың адам ауырған. Бірақ, ол кезде де, бұл күнде де эпидемия туралы әңгіме болған емес. Эпидемия деген - белгілі бір аурумен халықтың кем дегенде 5 пайызы шалдыққан кезде айтылады», - деді Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында берген сұхбатында.

Министрдің айтуына қарағанда, Денсаулық сақтау министрлігі бұл ауру бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, қызылша тарап кетпеуі үшін алдын алу шараларын жүргізуде.

«2018 жылы - қызылшаға шалдығу жағынан көптеген әлем елдеріне рекордты жыл болып отыр. Мәселен, қызылшаға шаққандардың саны Сербияда 5 мыңға жетсе, Франция мен Данияда 3 мыңға жетіп жығылған. Қазақстанда қызылшаға шалдыққандардың 85 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Өкінішке қарай, қызылшамен ауырған балалардың 80 пайызы қызылшаға қарсы екпе алмаған», - дейді ол.

Дәурен Абаев сонымен бірге вакциянациядан бас тартқандарға қатысты да ойын білдірді.

«Жапонияда 1947-1974 жылдар аралығында көкжөтелге қарсы вакцинацияның арқасында ауырғандардың саны 100 мыңнан 200 адамға дейін азайған. Алайда 1975 жылы вакцинациядан кейін екі бала қайтыс болған. Бұл жағдай ел ішінде біршама резонас тудырып, БАҚ бірден бұл мәселеге ерекше мән береді. Осының артынша ата-аналар жаппай балаларына екпе жасатудан бас тарта бастайды. Ақыры, 1981 жылға қарай көкжөтелге шалдыққандардың саны 13 мыңға жетіп, өлім-жітім жағдайы 100 есеге дейін көбейіп кеткен. Мемлекет ақыры екпені қайта қайтарып, балалар бұл ауруға сирек шалдығатын болған. Жалпы, біз қазір парадоксальды жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Қазір барлық вакцинадан өтіп, өз өмірін қауіпте қалдырмаған буын вакциянациядан бас тартып жатыр», - деп түйді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, бұдан бірнеше күн бұрын өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанда қызылшаның өршіп тұрмағанын айтқан болатын.

 

 

 

Жоғары қарай