Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Елбасы Президент жұмысына араласпайды - Дәурен Абаев елдегі «қос билік» қауесеті туралы

2019 жылдың 17 қазан 2019 22:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Қазақстандағы «қос билік» қауесеті жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, осы мәселе арқылы халықты дүрліктіргісі келетіндер бар.

«Бірқатар анонимдік каналдар Қазақстандағы «қос билік» тақырыбын әдейі таратты. Мұндай ресурстардың асыра сілтеп, өтірікті шындай етіп көрсеткісі келетіні түсінікті. Елбасы өз мәлімдемесінде бұл жорамалдарды жоққа шығарды», - деді министр.

Министр Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесінен бірнеше тұжырым шығаруға болатынын айтты.

«Біріншіден, Елбасы Президент жұмысына араласпайды. Мұның барлығы конституциялық нормалармен межеленген. Екіншіден, Тоқаев – екінші Назарбаев емес, оның өз басқару стилі, өз көзқарасы бар. Сондықтан, жаңа Президент өз жұмысында жаңа формат қолданған сайын «қос билік» туралы шу көтерудің қажеті жоқ. Үшіншіден, Елбасының өзі де, Қасым-Жомарт Кемелұлы да маңызды мәселе жөнінде кеңесіп отыратындарын айтты. Не дегенмен, Нұрсұлтан Әбішұлының табысты ел басқарудағы тәжірибесі мол. Оған өзге мемлекеттердің де көшбасшылары кеңес сұрап жүгінеді, мұны мен анық білемін», - деді Д.Абаев.

Айта кетейік, 11 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда «қос билік» туралы қауесетке негіз жоқ екенін мәлімдеген болатын.

«Мұндай тұжырымға еш негіз жоқ, себебі Қазақстан президенттік басқару формасы бар унитарлы мемлекет. Мен жол көрсетемін, өздері кеңеседі, кеңес беремін, сұрамаса – кеңес бермеймін (күлді). Өз Отаныма, өз еліме қызмет етуді жалғастырып келемін», - деп жауап берді Нұрсұлтан Назарбаев журналист сұрағына.

Жоғары қарай