Ауа райы
Нұр-Сұлтан 12 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 383.69
EUR 429.08
RUB 5.97
CNY 55.39

Елбасы Кореяның Президентімен кездесті

2019 жылдың 22 сәуір 2019 20:34 726

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Назарбаев орталығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАҚпарат ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі қонаққа ілтипат білдіріп, екі мемлекет арасындағы экономикалық және саяси ынтымақтастықтың тиімділігін айтты.

- Сізбен Қазақстанда жүздескеніме қуаныштымын. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап Оңтүстік Кореямен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Біз экономикалық және саяси ынтымақтастығымызды жаңадан қалыптастырдық. Сіздердің жалпы Қазақстанға және Орталық Азияға деген ықыластарыңызды жоғары бағалаймыз, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Корея мен Корей Халық Демократиялық Республикасы арасында қол жеткізілген корейаралық уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

- Сіздер күрделі мәселемен - Корей түбегінде бейбітшілік пен өзара сенім орнату ісімен айналысып жатырсыздар. Бұл оңай емес, бірақ бұл - игілікті іс. Сіздердің күш-жігерлеріңізге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Оңтүстік Корея Президенті Қазақстанның Тұңғыш Президентіне жүздескені үшін ризашылық білдіріп, бұл сапардың екіжақты байланыстарды дамыту үшін маңызды екенін айтты.

- Брюссельде өткен АСЕМ саммиті аясында кездескеніміз есімде. Сол кезде мені Қазақстанға сапармен келуге шақырдыңыз. Мен бұл сапарға баса мән беремін. Өйткені биыл екі ел арасындағы стратегиялық серіктестігіміздің 10 жылдығын атап өтеміз, - деді Мун Чжэ Ин.

Оңтүстік Корея Президенті Қазақстанның экономикалық даму тұрғысынан қол жеткізген жетістіктерінің бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасы екенін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, Мун Чжэ Ин Қазақстанның бейбітшілік пен келісім бағытында, соның ішінде ядролық қарусыздану мен оны таратпау саласында жүргізіп жатқан саясатына тоқталды.

Кездесу соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанның Тұңғыш Президенті кітапханасының көрмесіндегі экспозициялармен танысты.

Жоғары қарай