Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 385.42
EUR 424.58
RUB 6.00
CNY 54.31

Экологтар Қазақстанда АЭС салуға қатысты пікір білдірді

2019 жылдың 30 сәуір 2019 17:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізбес бұрын экологтар баламалы энергия көздері мен олардың әлеуетіне назар аударуға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жасыл экономика үшін» және G-Global даму коалициясы» ЗТБ басшысы Салтанат Темірқұлованың айтуына қарағанда, Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізуден бұрын ең алдымен жасыл экономика қағидаттарын ескере отырып, барлық нысандарға аудит жүргізу керек.

«Бүгінгі таңда электр қуатының 70 пайызы тұрғын үй секторларында үнемсіз пайдаланылып жатқанын білеміз. ТҮКШ жаңғырту жұмыстары не үшін жүргізіліп жатыр? Себебі, жылумен, электр қуатымен қамту жүйелерін өзгерту керек. Жылу жолдарында үлкен шығын бар. АЭС құрылысын жүргізу мәселесі неліктен көтеріліп отыр? Себебі, электр қуаты жағынан тапшылық бар. Ең алдымен, энергия үнемдеуші шаралар мен желілерді жаңғырту есебінен электр қуатының жетіспеушілігін шешуге бола ма деген сұраққа қатысты аудит жүргізу керек», - деді Салтанат Темірқұлова елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Ол өз сөзінде «жасыл экономикаға» өту бойынша тұжырымдамаға сәйкес, Қазақстанда электрмен қамту балансының 50 пайызы баламалы қуат көздерінің есебінен болуы тиіс екенін жеткізді.

«Жасыл» қоғамдық ұйым ретінде ең алдымен баламалы қуат көздерінің - күн мен желден, судан өндірілетін энергияның әлеуетіне назар аударылса дейміз. Бұл әлеуетте триллион киловатт қуат жатыр. Ал келешек - баламалы қуат көздерінде екені баяғыдан айтылып келе жатыр», - дейді сарапшы.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың РФ-ке ресми сапары барысында Ресей Президенті Владимир Путин екі ел арасындағы энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді және Қазақстанда АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді ұсынған еді.

«Бейбіт атом саласында ынтымақтастық дамып келеді, уран өндіру мен байыту бойынша қазақстандық-ресейлік алты кәсіпорын жұмыс істеуде. Өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді, осы орайда ресейлік технологиялармен АЭС салу мүмкіндігін ұсынамыз», - деді В. Путин.

Өз кезегінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев ресейлік тараптың Қазақстанда атом электр стансасын салу ұсынысына қатысты пікір білдірген болатын.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Энергетика, Экология,
Жоғары қарай