Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Экологиялық шараларда жиналған балл жұмысқа орналасқанда ескерілуі тиіс - депутат

2019 жылдың 6 қараша 2019 15:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Дархан Мыңбай қоқысты сұрыптамайтындарға жоғары тариф және оны жаңа әдіспен кәдеге жарататындарға төмендетілген тариф арқылы тұрғындарды ынталандыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы қоғамның экологиялық проблемаларға көңіл бөле бастағанын жақсыға балаған жөн. Олар берекетсіздікті, қоқысты фотоға, видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жіберіп, табиғатты, қоршаған ортаны қорғаудағы азаматтық ұстанымын білдіре бастады. 3-4 жыл бұрын жағдай мүлдем басқаша болғанын ескерсек, мұны өркениеттің өлшемі, мәдениетіміздің өскені деп қабылдаған абзал. Бүгінгі таңда бізде 3520-ға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар екен, бірақ олардың 17,6 пайызы ғана экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Сондай-ақ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ 9 мыңнан астам заңсыз үйінділерді фотоға түсіріп, анықтаған. Елімізде қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін 170 кәсіпорын кешені бар, олар заманауи завод емес», - деді Дархан Мыңбай ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның пайымынша, елде халықтың және бизнестің төлемдерін шоғырландыратын әрі оларды қатты қалдықтарды жинауға, сұрыптауға және қайта өңдеуге бағыттайтын арнайы «қоқыс хабтарын» құрып, олардың санын арттыруға болар еді. Мұның жоба-схемасы мынадай: хабтар қалдықтарды жинаушыларға ақы төлейді, сол арқылы олардың өздері де қалдықтарды заңды полигондарға жеткізуге ынталы болады. Әрине, сұрыпталған қоқыс үшін тарифтердің жоғары болатыны түсінікті. Мұның пайдасы жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары, жаңа ойлау жүйесі дегенді білдіреді.

«Біз Үкіметке озық тәжірибелерді қолдану мүмкіндігін және жалпы экологияға қатысты өзекті проблемаларды шешуде көзделген кешенді іс-шараларды уақыт талабына сәйкес қайта қарап, пысықтауды ұсынамыз. Бұл орайда, қоқыс өндеу саласын реттеумен қатар қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін де көтеру ерекше маңызды деп ойлаймыз. Ал экологиялық сананың деңгейі білім беру мен ағартушылық, үгіт жұмыстарының сапасына байланысты болмақ. Қоқыстарды бөліп жинауды кеңінен насихаттау қажет – әлеуметтік роликтерді әзірлеп, БАҚ-та, прайм-тайм-да телеарналар арқылы көрсету, оқушылар, студенттер арасында, кәсіпорындар мен ұйымдарда макулатура, қолданыстан шыққан пластик заттар, электрондық бұйымдар жинау жүйесін енгізсек. Сонымен бірге, волонтерлер стадиондарда жарыстар өткенде пластик шөлмектерді жинау акцияларын өткізсе, оны спорт федерациялары қолдап жатса, тиімді әрі тағылымды шара емес пе? Экологиялық акциялар, экология айлықтарын өткізу тек заңды тұлғалардың ғана емес, жеке тұлғалардың да актив есебіне жазылып, жинақталған балл жұмысқа орналасу кезінде де, сондай-ақ басқа да мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде ескерілуі тиіс. Қоқысты сұрыптамайтындарға жоғары тариф және оны жаңа әдіспен кәдеге жарататындарға төмендетілген тариф сияқты икемді тарифтерді белгілеу арқылы тұрғындарды ынталандыру қажет әрі маңызды. Кейбір сауалнамаларға қарағанда, қала тұрғындарының 80 пайызы қоқысты бөлек жинауға әзір екендіктерін білдірген, бұл - қуанарлық жетістік», - деді депутат.

Осы орайда ол қоқысты түпкілікті өңдеу зауыттарын салу, арнайы қоқыс хабтарын құру жөнінде мәселелерді қарауды, алдағы жарияланған Волонтер жылында қоршаған ортаны қорғауда волонтерлік бастамаларды бағалау жүйесін енгізуді ұсынды.

Жоғары қарай