Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Екі аяғынан айрылған ақтөбелік кәсіпкер мүгедек жандарды жұмысқа орналастырады

2018 жылдың 19 тамыз 2018 23:27

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ауылдық жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс табу оңай емес» дейді кәсіпкер, «Шалқар саясы» бірлестігінің төрағасы, І топ мүгедегі Ерлан Алдашев, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1993 жылы Ерлан пойыздың астында қалып қойып, екі аяғынан айрылған болатын. Бірақ оның еңсесі түскен жоқ. Оған қалыңдығы Алтынай қолдау көрсетті. Ауруханадан шыққан соң Ерлан оған үйленуге ұсыныс жасады, қыз келісті. Содан бері 25 жыл өтіпті. Бүгінде Алдашевтер отбасы үш бала тәрбиелеп отыр. Ерлан өзінің сүйікті кәсібі - теледидар жөндеумен айналысады.

«Бала кезден техника мен электроникаға жақын болдым. Үйде не көрсем, бәрін жөндейтінмін. Бір күні көршім Рашид бұзылған теледидарын жөндетуге әкелді. Жөндеп бердім. Сосын ол ақша берді, мен алғым келмеді. Бірақ көршім дегенінен қайтпай, алғызды. Қызық болғанда сол күндері тағы екі көршімнің техникалары істен шығып, маған әкелді. Осылайша осы маңдағы бүкіл теледидарды жөндеуші шеберге айналып шыға келдім»,-дейді Ерлан.

Кәсібінен бөлек, Ерлан мүгедек жандарға техника жөндеуді үйретеді және оларды жұмысқа алады.

«Ауылда мүмкіндігі шектеулі тұрмақ, сау адамның өзіне жұмыс табу қиын. Сондықтан өзім де мүгедек болған соң оларды жақсы түсінемін. Оларға жұмыс тауып беру - менің парызым деп білем»,-дейді Ерлан Алдашев.

Екі жыл бұрын Ерлан теледидар жөндейтін құрал-сайман сатып алу үшін «Даму» қорынан грант алды. Ал 2015 жылы тұрмыстық қызметтер көрсететін ғимарат тұрғызу мақсатында несие рәсімдеді. Жаңа цехта мүгедектігі бар 5 адам жұмыс істейді, олар - уқалаушы, тігінші, екі механик және кәсіпкердің өзі.

Таяуда Ерлан «Әрекет» жобасы аясында 500 мың теңге грант ұтып алды. Осылайша әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік алды. Енді ол қаржыға Ерлан Алдашев ауылдағы кемтар жандарға өз кәсібін үйрететін кабинет ашуды жоспарлап отыр. Бәрін меңгеріп алған ұғымтал шәкірттерін өз кәсіпорнына жұмысқа алады.

«2017 жылы «Шалқар саясы» деп аталатын қоғамдық бірлестікті құрдық. Ол қайырымдылықпен және Шалқар ауданындағы мүгедектер мәселесін шешумен айналысады. Содан бері мүгедектердің балаларына шырша ұйымдастырдық, олардың мұң-мұқтажын тыңдау үшін қоғамдық қабылдаулар өткіздік. Мысалы, бір тұрғынның үйіне су кіргізуге себіміз тиді. Бірақ Шалқарда тұратын мүгедектердің ең өзекті мәселесі - инватакси. Арнайы жабдықталған көлік болмаса, мүгедектер ешқайда шыға алмайды. Қазір біз оны сатып алу үшін қаражат жинап жатырмыз. Бірақ ол қымбат тұрады - 7 млн теңге. Одан бөлек, мүгедектерді оңалту үшін иппотерапия ұйымдастыру ойда бар», - деп өз жоспарымен бөлісті Ерлан Алдашев.




Жоғары қарай