Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

ЕАЭО қаржы нарығындағы үйлестіру шараларына арналған заң жобасы мақұлданды

2019 жылдың 13 қараша 2019 10:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісім 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шарттың 70-бабына сәйкес әзірленді, онда ортақ қаржы нарығын құру мақсатында халықаралық келісімді әзірлеу және қаржы нарығы саласындағы заңнаманы үйлестіру көзделген.

«Ортақ қаржы нарығын құру банк, сақтандыру секторында және бағалы қағаздар нарығындағы қызмет көрсету секторында лицензияларды өзара тануды, қаржы нарықтарына кемсітушіліксіз кіруді қамтамасыз етуді, мемлекеттік реттеуді жетілдіруді және қаржы нарықтарында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды көздейді», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

Келісімде үйлестіру үшін 7 бағыт айқындалады: қаржы нарықтарына қатысушыларға оларды құруға, қалыптастыру мен қызметіне қатысты келісілген талаптары; халықаралық стандарттарға сәйкес қаржы нарығы саласындағы тәуекелдерді реттеу; қадағалау талаптары және қаржы нарығының қатысушыларына қадағалауды жүзеге асыру тәртібі; лицензияларды өзара тануға талаптар; қаржы нарығы саласындағы ақпаратты жария етуге талаптар; мүше мемлекеттер инвесторларының қаржы нарығына қатысушылардың жарғылық капиталында үлестерді (акцияларды) иеленуі; қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі талаптар.

«Келісімде үйлестіруді жүргізу тәртібі айқындалған. Келісім күшіне енгеннен кейін 9 айдың ішінде Үйлестіру жоспары әзірленеді. Онда үйлестіруді жүргізу кезеңдері мен мерзімдері көзделеді. Заңнаманы үйлестіру жөніндегі келісілген ұсыныстарды ЕЭК кеңесі (вице-премьерлер деңгейі) бекітеді және халықаралық келісімдер қабылдау арқылы ұлттық заңнамаға енгізілетін болады. ЕАЭО елдерінің бірінің заңнамасы үйлестіру өлшемшарты болмайтынын атап өткен жөн. Үйлестіру халықаралық қағидаттар мен стандарттар немесе ең үздік халықаралық практика негізінде жүргізілетін болады. Заңнаманы үйлестіруді 2025 жылы аяқтау жоспарлануда», - деді ҰБ төрағасы.

Жоғары қарай