Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 384.39
EUR 431.71
RUB 6.11
CNY 55.88

ЕАЭО ішіндегі кедергілер инвесторлардың сеніміне селкеу түсіруі мүмкін - Президент

2019 жылдың 29 мамыр 2019 15:08 719

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі сауда кедергілері инвесторлардың сеніміне селкеу түсіруі мүмкін. Бұл туралы бүгін елордада өткен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге одақтың ортақ нарығын демпингтен, контрафакті тауарлардан және үшінші елдердің тарапынан жосықсыз бәсекеден қорғау бөлігінде күш-жігерімізді үйлестіру қажет. Сонымен қатар, біз дәйекті, кей жерлерде мақсатты түрде бірлескен күш-жігерімізбен тауарларымыздың үшінші елдердің нарығына шығуына қол жеткізуміз керек», - деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан Президенті одаққа мүше елдердің бизнесі үшін барынша қолайлы сауда режімін жасау, кедергілерді жою, үшінші елдерге экспортталатын тауарлардың транзитіне қолайлы режім қолдану мәселелеріне назар аудартты.

«Өкінішке қарай, одақ ішіндегі сауда үшін кедергілер мен тосқауылдардың сақталуы отандық, сонымен қатар біздің интеграциялық жобамызға шетелдік инвесторлардың сенімін төмендетуі мүмкін. ЕАЭО-ның ортақ кеден шекарасындағы кедендік әкімшілеудің лайықты деңгейін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті болып отыр. Қысқа қана кезеңнің ішінде өткізу, тексеру бекеттерін, өзге де кедендік және шекара маңы инфрақұрылымын материалдық-техникалық жарақтандыру күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен, ең алдымен біздің кеден қызметтерін бірыңғай әдістемемен, әдіспен және тәжірибемен қамтамасыз ету түбегейлі маңызды деп санаймыз. Бұл тауарларды жіктеу, кедендік құнын анықтау және импортталатын тауарды толыққанды есепке алу мәселелеріне қатысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, РФ Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сонымен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатысты.

 

 

Жоғары қарай