Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 386.71
EUR 429.17
RUB 6.02
CNY 54.66

Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» маусымды қорытындылады

2019 жылдың 21 ақпан 2019 17:34

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүкілресейлік жарыстың жоғары лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» 2018-2019 жылғы маусымды қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралдықтар бүгін «Жастар» стадионында «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасымен соңғы ойынын өткізді.

Бұл кездесуде қонақтар 4:3 есебімен жеңіске жетті. Бірінші таймда «Никельщик» 4:1 есебімен алға шықты. Матчтың екінші бөлігінде оралдықтар қарқынды үдетіп, екі гол соққанымен, тең нәтижеге де қол жеткізе алмады. Бұл - «Ақжайықтың» өз айдынындағы алғашқы жеңілісі.

Осылайша екінші топта 33 ұпаймен бесінші орынға орныққан Николай Шавалдиннің шәкірттері финалдық сайыстардан тыс қалды.

«Ақжайық» соңғы рет финалдық сайыстарға бұдан екі жыл бұрын жолдама алып, Сыктывкар қаласында өнер көрсетіп қайтқан болатын.

Бір айта кететін жайт, биыл Швецияда өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғаған Қазақстан құрамасының негізін бұрынғыдай ресейлік легионерлер емес, алғаш рет «Ақжайық» хоккейшілері құрады. Соған қарамастан, қазақстандықтар төртінші орынға ие болып, күштілердің «А» тобында қалды. Ең бастысы, жас ойыншылар тәжірибе жинақтады.

«Ақжайық» спорт клубы директорының міндетін атқарушы Армат Меңдешевтің айтуынша, команда алдағы маусымда финалдық сайыстарға ілігу үшін бар күшін салады. Бұл үшін барлық жағдай бар, өткен жылы жасанды мұз айдыны іске қосылды.

Ертең бас бапкер Николай Шавалдин бастаған «Ақжайық» командасының сегіз ойыншысы наурыз айында Красноярск қаласында өтетін дүниежүзілік қысқы универсиадаға қатысу үшін Астанаға аттанады. Онда Қазақстан құрамасы жүлделі орындар үшін таласуды мақсат етіп отыр.

Еске сала кетейік, «Ақжайық» кеше «Никельщик» командасын жеңген еді.

Жоғары қарай