Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Допты хоккей: «Ақжайық» соңғы кездесуінде ірі есеппен жеңіске жетті

2020 жылдың 21 ақпан 2020 16:53

ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Ақжайық» Орынборда «Локомотивпен» соңғы ойынында ірі есеппен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан мәлім болғандай, «Орынбор» стадионында болған матчта «Ақжайық» бірден ойын тізгінін қолға алды.

Команда сұрмергені, ресейлік легионер Максим Пахомов бірінші болып есеп ашты. Бұдан кейін айдын иелерінен Сергей Ромашов таразы басын теңестіргенімен, Сергей Башаев, М.Пахомов және Қуаныш Темірәлин есепті 4:1-ге жеткізді.

Екінші таймда М.Пахомов төрт мәрте, Андрей Гущин, Петр Грибанов бір реттен мергендігімен көзге түсті. «Локомотивтен» тағы да С.Ромашов қос голдың авторы атанса, Алексей Баданин бір доп енгізді.

Қорытынды есеп – 10:4, «Ақжайықтың» пайдасында.

Бұдан бұрын суперлигада да өнер көрсетіп, өткен жылы «Ақжайыққа» қосылған Максим Пахомов осы маусымда қарсыластар қақпасына 73 доп соғып, үздік көрсеткішке қол жеткізді.

Осылайша екінші топта 58 ұпай жинаған Николай Шавалдиннің шәкірттері финалдық сайыстарға берілетін екі жолдаманың бірін иеленуге жақын тұр. 56 ұпаймен екінші орында тұрған «Знамя-Удмуртия» бүгін соңғы бәсекесінде «Динамо-Қазан-2» командасын жеңсе, «Ақжайықты» басып оза алады. Оған қоса «Кировец» (Уфа, 52 ұпай) командасы да жолдамадан үмітті. Ол әлі үш ойын өткізеді. Ал «Маяк» (Краснотурьинск) бүгін Первоуральскіде «СКА-Свердловск» командасынан 2:5 есебімен жеңіліс тауып, 54 ұпаймен жолдамадан тыс қалды.

Жоғары лигада үш топ болса, соның әрқайсысынан қос үздік команда финалдық турнирге қатысады.

«Ақжайық» спорт клубының директоры Мерей Қанибетовтың айтуынша, барлығы алты команда суперлигаға берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.

Финалдық сайыстың өтетін орны кейін анықталады.

1976 жылы кәсіби клуб ретінде құрылған «Ақжайық» бұған дейін өз тарихында төрт дүркін финалдық сайыстардың қола жүлдегері атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» өз тобында көш басына көтерілгенін жазған болатынбыз.


Жоғары қарай