Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Дэвис кубогы: Ұлыбритания құрамасы Нидерланды теннисшілерін ұтты

2019 жылдың 21 қараша 2019 00:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мадридте өтіп жатқан Дэвис кубогы финалында Ұлыбритания құрамасы Нидерланды өкілдерін ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанмен бір топтағы қос құраманың матчы аса тартысты болды.

Алғашқы болып кортқа ұлыбританиялық атақты теннисші Энди Маррей мен нидерландылық Таллон Грикспур шықты.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған кездесуде Э.Маррей қарсыласын 6:7 (7:9), 6:4, 7:6 (7:5) есебімен тізе бүктірді.

Есесіне Нидерландының бірінші ракеткасы Робин Хасе Дэниел Эвансты 3:6, 7:6 (7:5), 6:4 есебімен жеңгеннен кейін таразы басы теңесті – 1:1.

Жұптық бәсекеде Ұлыбританиядан Джейми Маррей мен Нил Скупски Нидерландыдан Уэс Колхоф пен Жан-Жюльен Ройер сынға түсті.

Бірінші партияда Маррей мен Скупски жұбы басымдық танытты – 6:4. Екінші сет тай-брейкке дейін жеткенімен, онда да ұлыбританиялықтардың асығы алшысынан түсті – 7:6 (8:6).

Осылайша Ұлыбритания Нидерланды теннисшілерін 2:1 есебімен ұтты. Қазақстандықтар да бастапқы бәсекесінде нидерландылықтардан дәл осындай есеппен басым түскен болатын.

Бүгін Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен шешуші матчын өткізеді.

Мадридте Дэвис кубогы алғаш рет өзгеше сипатта өтуде, яғни 18 үздік команда алты топқа бөлінген. Осыдан озық шыққан алты құрама ширек финалға жолдама алады. Оған екінші орын алғандар ішінен тағы екі команда қосылады. Сондықтан құрамалардың қарсыластарын қандай есеппен ұтқаны да маңызды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан Нидерланды құрамасын жеңгенін жазған болатынбыз.

Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай