Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Депутаттар кедендік процедуралар мерзімін еселеп қысқартуды ұсынды

2020 жылдың 21 ақпан 2020 17:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Кеден кодексіне өзгертулер енгізуге бастамашалық жасады. Тиісті құжатты бүгін Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында Мәжіліс депутаты Альберт Рау ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміз «Цифрлық Қазақстан« бағдарламасы бойынша өте жақсы ілгерілеп келе жатыр. Бұл кедендік процедураларды жеңілдету, уақытты, бизнестің кеден органдарымен байланысу санын қысқарту үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Заң жобасы өте қарапайым. Онда түрлі операцияларға кеткен 30 күндік уақытты - 15, 10 күнді 5 күнге дейін қысқартамыз. Бұл қолданыстағы ІТ-платформалардың арқасында мүмкін болып отыр», - деді депутат.

Альберт Рау қазіргі уақытта бизнес тарапынан ақпараттық жүйедегі іркілістерге байланысты, шағымдар бар екенін айтты. Мәселен, Қорғаста жарық өшіп қалса, қателіктердің орын алатындығына назар аудартты.

«Бизнеске өзінің кінәсіз екендігін дәлелдеуге тура келеді. Сондықтан біз егер электронды жүйедегі қандай да бір қателік орын алса, онда бизнесті жауапкершіліктен босату бөлігіне түзетулер енгіземіз», - деді ол.

Сонымен қатар Мәжіліс депутатының айтуынша, заң жобасы аясында кеденсіз дүкендер, кеден қоймалары және олардың қызметінің тоқтатылуы әрі қайта іске қосылуы электронды форматқа ауыстырылады.

Айта кетерлігі, қазірдің өзінде кеден саласындағы қызметтердің 70 пайызы электронды форматта көрсетіледі. Ал аталған заң жобасының қабылдануы сыртқы экономикалық қызметтің сыртқы қатысушылары үшін жүргізілетін операцияларды электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді.

Фото: atameken.kz
Жоғары қарай