Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Депутат «Сыбағаның» кемшін тұстарын атады

2019 жылдың 8 мамыр 2019 16:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары ауыл шаруашылығы министріне сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат Нұржан Әлтаевтің айтуынша, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында шағын және орта кәсіпкерлерге несие берудің «Сыбаға» атты бағдарламасы даярланған болатын. Негізгі мақсат - мал басын көбейту.

«Сөз жоқ, ондай бағдарлама қажет. Бірақ былтыр оған жаңа талаптар енгізілді. Аталған шарттар бағдарламаның бастапқы мақсат-міндеттеріне қайшы келеді және оны іске асыруға кедергі жасап отыр. Біріншіден, ірі қара мал тек шетелден ғана жеткізілуі шарт. Шағын және орта кәсіпорындар үшін бұл - тым ауыр талап. Себебі көп қаржы кетеді. Онымен бағдарлама арқылы шағын және орта бизнесті қолдау мүмкін емес. Шаруашылықтар шетелден малды тасымалдау шараларына көп шығындалады. Кедендік және салықтық шығындар бар. Оған қоса, шетелден әкелінген малды үш ай бойы карантиндік аймақта ұстау қажет. Ондайда фермер әрбір күнге ақша төлейді», - деді Н.Әлтаев бүгінгі пленарлық отырыста.

Оның сөзіне қарағанда, асыл тұқымды малды республиканың ішінде сатып алуға рұқсат жоқ. Алайда Қазақстанда ондай шаруашылықтар аз емес. Соның барлығына бюджеттен қыруар қаражат бөлінген болатын. Республика бойынша 1 044 асыл тұқымды мал басын көбейтуге 47 миллиард теңге жұмсалды. Аталған шаруашылықтарда 300 мыңнан астам асыл тұқымды мал бар. «Бірақ соның барлығын «Сыбаға» бағдарламасы аясында сатып алуға рұқсат жоқ. Былайша айтқанда, өзімізде тұрған асыл тұқымды малды бағдарлама аясында сатып ала алмаймыз. Сонда ол шаруашылықты не үшін құрдық? Қыруар бюджет қаражатын не үшін жұмсадық? Қазіргі кезде шаруалар өзіміздегі асыл тұқымды малды сойып, етке тапсыра бастады. Басқа амал қалмады», - деп атап көрсетті Н.Әлтаев.

Осыған байланысты бір топ депутаттар «Сыбаға» бағдарламасы аясында өзіміздегі асыл тұқымды малды сатып алуға рұқсат беру қажет деп санайды.

Жоғары қарай