Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Денсаулық сақтау министрі балалар өлімінің негізгі себебін атады

2019 жылдың 5 қазан 2019 16:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі балалар өлімінің негізгі себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздегі балалар өлімі деңгейі дамыған елдермен салыстырғанда жоғары болуы мүмкін. Бірақ, біздің толғақ қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, балалар өлімін азайтуға мүмкіндіктеріміз көбейді. Осыған байланысты, жүйелі түрде ұзақмерзімді және қысқамерзімді жұмыстар жүргізіліп келеді. Ана мен бала өлімінің ең басты себебі – әсіресе ауылдық жерлерде білікті мамандардың жетіспеуі», - деді Е. Біртанов министрлікте өткен брифингте.

Оның айтуынша, перзентханаларда анестезиологтар, реаниматологтар және педиатрлар жетіспейді.

«Бұл мәселені шешу үшін медициналық мамандарды оқудан кейін өңірлерге жібердік. Соңғы 7-8 жылда резидентураға қабылдауды 10 есеге арттырдық. Соңғы үш жылда акушер-гинекологтар едәуір көбейді, алдағы үш жылда акушер-гинекологтардың жетіспеушілігі мәселесі жойылады. Өзімізге қажетті мамандарды әзірлеу үшін дефицит мамандықтарды оқытуға көбірек орын бөлдік», - деді министр.

Сонымен бірге, ол ауылға келген жас мамандарға баспана берілмей жатқанын жеткізді.

«Облыс пен аудандардың әкімдеріне жас мамандардың орнығып, жұмыс істеуі үшін жағдай жасауларын өтінемін. Біліктілікті көтеру мәселесі де өте өзекті. Министрлік тарапынан дәрігерлер мен мейірбикелердің біліктілігін арттыруға қаражатты көбейттік. Бас дәрігерлер сұранысқа ие бағыттар бойынша қызметкерлерін оқуға жіберуі керек. Бұл министрлік пен жергілікті атқару органдарының бірлескен міндеті. Біз әрбір ауданның ауруханасына қандай мамандардың қажет екенін, оларға не оқыту қажеттігін жазып қойдық», - деді Е. Біртанов.

Айта кетейік, бүгін Елжан Біртанов Атырау облысындағы сәби өлімі туралы мәлімдеме жасады.

Жоғары қарай