Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 386.04
EUR 427.77
RUB 5.88
CNY 54.45

Денис Тен туралы деректі фильм прокатқа шығады

2019 жылдың 21 ақпан 2019 21:34 1861

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 23 ақпаннан бастап мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен туралы «Денис Тен - Величайшее шоу» атты деректі фильм көрсетіле бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фильм Денистің төртінші әрі соңғы «Денис және оның достары» атты мұз айдынындағы шоуына дайындық туралы баяндайды. Шара 2018 жылы 9 маусымда елордадағы «Барыс Аренада» өткізілген болатын.

«Бұл Қазақстандағы әлемдік деңгейдегі тұңғыш әрі бірегей мұз айдынындағы шоу. Шоуға қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен жұлдыздар келген еді. Денистің басты мақсаты - Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортын дамыту, біздің халыққа әлемдік деңгейдегі өнерді көрсетіп, оларды қанаттандыру болды», - дейді Денис Тен атындағы қордың атқарушы директоры Гаухар Омар.

Оның айтуына қарағанда, Денис аталмыш жобасына үлкен дайындықпен келіп, ұзақ уақыт бойы даярлық жүргізген. Достарын өзі шақырып, оларға берілетін сыйлықтарды да өзі дайындаған.

«Шоудың ақтық кезеңінде әлемнің ең үздік жұлдыздары қазақтың ұлттық киімдерімен өнер көрсеткен еді. Мұндай бірегей шоу бұрын-соңды біздің елімізде болмаған. Керемет шоу ұйымдастырылған еді», - дейді Гаухар Омар.

«Денис Тен - величайшее шоу» фильмінде Денистің өзінің Набунари Ода, Елена Радионова, Каролина Костнер, Бруно Массо мен Алена Савченкодан алған сұхбатын көруге болады. Олар Қазақстан туралы әсерін баяндайды. Фильмнің эпизодтарында Денис үшін арнайы ән жазған қазақ әншісі Димаш Құдайбергенді де көруге болады.

Соңғы шоуды әзірлеуде Дениспен бірге жас режиссер, монтажер әрі оператор Ханзат Кеңес те жұмыс істеген. Ал хореограф ретінде канадалық мәнерлеп сырғанаушы Ше Линн-Бурн көмектесті. Түсірілім жұмыстары канадалық Торонто қаласында да жүргізілген.

Фильмде сонымен бірге Денис ел үшін өзі ұйымдастырған шоудың қаншалықты маңызды екенін де айтады.

«Бұл шоудың өзі құлап бара жатқан жұлдыз секілді жарқын әрі керемет болғанын қалаймын», - дейді Денис фильмде.

Айта кетерлігі, Денис Тен қорының ұйымдастырылуымен деректі фильм Алматыдағы «Bekmambetov Cinema»-да 3 наурыз күні көрсетіледі.

Еске салсақ, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00-дер шамасында болған.



null 

null 

 

 

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Мәдениет, Спорт, Алматы,
Жоғары қарай