Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Демеушілердің қолдауымен Моңғолиядан 13 отбасы Павлодарға көшіп келді

2019 жылдың 19 тамыз 2019 15:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетте жүрген қандастар тағдырынан бір сәтте қол үзбей, тікелей араласуының негізінде бауырларымыздың туған жеріне қоныс аудару легі жалғасуда. Осыған байланысты «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның пилоттық жобасы аясында Моңғолияның Қобда, Баян-Өлгей аймақтарынан Қазақстандағы туыстарына қосылып, ұрпақтарын атамекенге жеткізу мақсатында Павлодар облысына көп балалы 13 отбасының 80 адамы көшірілді. Бұл туралы ҚазАқпарат Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетерлігі, Қазақстанға біржолата көшіп келуге ниет білдірген қандастарымыз негізінен әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына байланысты өздігінен көшіп келе алмайтын еді. Сондықтан, бұл игі іс «Отандастар қоры» КЕАҚ–ның демеушілерінің (М.Даирбеков, А. Машкевич, С. Сейтжанов, Б.Өтемұратов, Қ. Сатыбалды, А. Мұқибек және басқалар) тікелей қолдауымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен іске асырылды.

«Көшіп келген қандастар арасында 13 баланы өмірге әкеліп өсіріп, жеткізген ардақты ана Қайша апамыз өзінің қолындағы кенже ұлы мен келінінің 6 баласымен бірге атамекенге келіп отыр. Сондай-ақ, жасөспірім оқу жасындағы 46 бала, 4 студент, 1 зейнеткер, еңбек жасындағы 29 азамат көшіп келді. Олардың ішінде ағылшын тілі, бастауыш сынып мұғалімдері, техника мамандары, механизатор, мал дәрігері, медицина саласының маманы, басқада арнайы оқу орталықтарын бітірген тәжірбиелі мамандық иелері бар», - делінген баспасөз баянында.





Моңғолиядан көшіп келуші отбасылар мүшелерін және отбасының тұрмысқа қажетті қолданыстағы мүлік, жеке үй жүктерін Ресей Федерациясының Алтай өлкесінің Ташанта кеден бекеті арқылы шекарадан алып өтуіне байланысты келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін «Отандастар қоры» РФ Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасы Консулы қызметкерлерінің көмегіне жүгінген болатын. Осындай бірлескен шаралардың нәтижесінде қандастарымыз аман есен елге жеткізіліп отыр.

Көшіп келушілер Павлодар қаласындағы «Қоныстанушылар мен оралмандарды уақытша бейімдеу орталығында» бір апта болып, Павлодар қаласының тарихи орындары мұражайларымен танысып, бірқатар құқықтық кеңес алып, құжаттарын рәсімдеп, медициналық тексеруден өтеді. Одан кейін, Екібастұз қаласының, акедемик Әлкей Марғұлан атындағы ауылына 9 отбасы, Павлодар ауданына 2 отбасы, Ақсу қаласының Достық, Ақжол ауылдарына 2 отбасы, қалғандары Тереңкөл, Май аудандарына қоныстанады деп жоспарлануда.

Көшіп келген отбасылары түгелдей биылғы жылғы оралмандардың өңірлік квотасына еніп, мемлекет тарапынан әр адамға 88 375 теңгеден бір жыл бойы үй жалдап тұратын қаражат беріледі. Балалары оқу орындарына, еңбек жасындағылар жұмысқа орналасады.





Жоғары қарай