Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Дәурен Абаев несие туралы: Банктер халықтың төлем қабілетін мұқият тексеруі тиіс

2019 жылдың 17 қазан 2019 22:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында жағдайы төмен тұрғындардың несие алуына тыйым салу бастамасын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бағдарлама барысында министрге «Ұлттық банк әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға несие беруге тыйым салу бастамасын көтерді. Бұл шешімді дұрыс деп есептейсіз бе?» деген сұрақ қойылды.

«Бұл мәселеге кешенді түрде қараған жөн. Мұның барлығы еліміздің тұтас қаржылық жүйесін сауықтыру үшін жасалып жатыр. Жазда мемлекет бұрын-соңды болмаған қадам жасап, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың несиелік қарызын өтеді. Бұл мақсатта 100 млрд теңгеден астам қаражат жұмсады. Жарты миллионнан астам тұрғынның несиесі жабылды. Одан бөлек, мемлекет атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалы отбасыларды қолдау, жұмыспен қамту сынды әлеуметтік көмекті қажет ететін жандарға қолдау көрсету шараларын күшейтіп келеді. Мұның барлығы несиенің жалғыз күнкөріс көзі болмауы үшін жасалды», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, енді банктер мен қаржылық мекемелердің жауапкершілігін көтеретін кез келді.

«Әрине, олар халықтың төлем қабілетін тексеруге жауапкершілікпен қарауы тиіс. Оған қоса, белгілі бір қаржылық мәдениетті қалыптастыру қажет. Қазір ұлан-асыр той үшін немесе телефонның жаңа үлгісін алу үшін несие алатындарды жиі кездестіреміз. Сондықтан, Ұлттық банк пен оның төрағасы Ерболат Досаевтың бағыты дұрыс. Оларға қолдау көрсету қажет», - деді Д. Абаев.

Жоғары қарай