Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Дәурен Абаев Мәскеуде ҚР Президентін қалай күтіп алғанын айтып берді

2019 жылдың 4 сәуір 2019 21:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған ресми сапарында қандай келісімдерге қол жеткізілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Президенті ретінде Ресейге сапары өте сәтті болды. Мемлекет басшыларының шағын және кеңейтілген құрамда кездесуі өте сенімді әрі тату сипатта өтті. Президенттер саудадан бастап мәдени-гуманитарлық салаға дейінгі мәселелердің кең ауқымын талқылады. Тараптар екіжақты қарым-қатынастың бұрын белгіленген қағидаттарынан айнымайтынын білдірді», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр өз сөзінде тараптардың кездесуі барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылғанын атап өтті.

«Әсіресе, өндірістік кооперация саласында бірлесе қолға алынатын әрекеттердің бағдарламасын ерекше атап өтер едім. Ол Қазақстанда кеңірек көлік құрауға және тракторлар мен автобустардың, автокөліктердің шығарылымын арттыруға бағытталған», - дейді министр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі сонымен бірге «Қазақстан Президентін Мәскеудегі әуежайдан лайықты дәрежеде күтіп алмады» деген әлеуметтік желідегі әңгімеге қатысты ойын айтты.

«Бұл жағдайда кең талқылаудың ешқандай қажеті жоқ. Шудың бәрі кейбір БАҚ-тың хабарламасында журналистер Президентті күтіп алғандардың ішінде РФ Сыртқы істер вице-министрі Александр Панкиннің барын ұмытып кеткеннен кейін басталды. Бұл ретте мен бір маңызды ньюансты түсіндіре кеткім келеді: Дипломатияда сапарлар деңгейі жағынан мемлекеттік, ресми және жұмыс, бейресми деп бөлінеді. Оның әрбірінде өзіндік хаттамалық ерекшелік бар. Одан тайқуға болмайды. Кеше ресми сапар болды. Оның барысында әдетте әуежайдан елшілердің немесе хаттамалық қызмет басшыларының деңгейінде күтіп алады. Дәл біз де солай істейміз. Бұған қоса ресейлік тарап Сыртқы істер министрінің орынбасарын жіберіп отыр. Бұл дегеніңіз қонаққа деген үлкен құрметті білдіреді», - дейді министр.

Дәурен Абаев өз сөзінде Мемлекет және Үкімет басшылары өзге елдің Президенттерін тек мемлекеттік сапар барысында ғана күтіп алатынын ескертті.

Жоғары қарай