Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 384.87
EUR 432.52
RUB 6.11
CNY 55.95

Дариға Назарбаева экологиялық айыппұл түсімдері қайда жұмсалуы керектігін айтты

2019 жылдың 19 маусым 2019 20:30 1150

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемде Экологиялық айыппұл түсімдері 100 пайыз табиғат қорғау шараларына бағытталуы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаттағы «Қазақстандағы биологиялық алуантүрліліктің сақталуын заңнамалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» атты Үкімет сағатында Дариға Назарбаева Үкімет сағатын қорытындылай келіп ормандарды түлету, ормандарды өрттен және заңсыз кесуден қорғау мәселелеріне назар аударды.

«Кейбір әкімдіктер бұл мәселелердің маңызына 100 пайыз мән бермей келеді, төтенше қызметтердің нұсқауларын орындамайды. Мәселен, Ақтөбе облысындағы «Ырғыз Торғай» мемлекеттік табиғи резерватында бірде-бір өрт сөндіру автоцистернасы жоқ. Қостанай және Жамбыл облыстарындағы едәуір орман қоры алаңында өртті бақылайтын бірде-бір мұнара жоқ», - деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасы жоғарыда аталған экологиялық проблемаларды шешу үшін сандық технологияларды пайдалануды және еліміздегі биоәртүрліліктің барлық сипаттарын есепке алуды және жағдайы бойынша бірыңғай сандық тұғырнама құру мәселесін жеделдетуді ұсынды.

Д.Назарбаеваның пікірінше, экологиялық айыппұлдардан түскен қаражатты табиғатты қорғау шараларына бағыттау керек. Бүгінгі күні экологиялық айыппұлдардан алынған қаражатты жергілікті атқарушы органдар өз қалауынша пайдаланып келеді.

«Экологиялық айыппұлдардан жиналатын қаражаттың 100 пайызы табиғат қорғау шараларына бағытталуы тиіс. Үкімет киіктердің ауру себептерін зерттеу үшін 1,5 миллиард теңге таба алмай отыр. Экологиялық айыппұлдар есебінен жиналатын 100 миллиард теңге бар болған кездегі жағдай осы», - деді Парламенттің жоғарғы палатасының басшысы.

Сенат төрағасы сондай-ақ ЕАЭО елдері үшін бірлескен экологиялық талаптарды әзірлеуді тапсырды.

«Бізде оңтүстіктегі көршілерімізбен, Қытаймен, Орталық Азиядағы көршілермен мәселелер бар. Яғни, біздің еліміз шекарасының сызығындағы көршілермен экология тұрғысында шешілмеген мәселелер бар, өйткені заңдар да, ережелер мен талаптар да әр түрлі. Бұл да назар аударатын негізгі мәселе», - деді Д. Назарбаева.

 

 

Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Экология, Сенат,
Жоғары қарай