Ауа райы
Нұр-Сұлтан 9 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 380.56
EUR 430.15
RUB 6.02
CNY 55.55

Дариға Назарбаева бие сүтінің қасиеті туралы айтты

2019 жылдың 25 мамыр 2019 17:40 844

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Алматыдағы жұмыс сапары аясында Қазақ тамақтану академиясы мен «Амиран» балалар сүт тағамдары зауытында болды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды. 

Сенат спикері тамақтану академиясында болған кезде еңбек ұжымымен кездесіп, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау зертханаларымен, сүт өнімдерін өндіру технологиясымен танысты.

Дариға Нұрсұлтанқызы тамақтану академиясындағы халыққа арналған экологиялық таза өнім жасау және оның әлеуметтік бағдары туралы айта келіп, осындағы зерттеу жұмысының маңыздылығын атап өтті.

«Ең алдымен органикалық өнімдер кішкентай балалары бар отбасыларға қолжетімді болуы керек. Бізде бие сүтінен жасалатын балалар тағамдарының өз желісі бар. Оның құрамында қант жоқ. Ондай өнімді өз елінде тұтыну - бүкіл әлем диетологтарының арманы», - деді Д.Назарбаева.


null 

Сенат спикері бие сүтінің пайдалы жақтары туралы айта келіп, Академия өнімдерінің сапасы жоғары екенін атап өтті:

«Олар өте жаңа әрі таза өнім дайындайды. Жарамдылық мерзімі бір ай не жыл емес, 3-5 тәулік аралығында болуы өнімде балалар мен ересек адамның денсаулығына зиян келтіретін жасанды ештеңе де, химия жоқ екенін көрсетеді», - деді Дариға Назарбаева.

Оның айтуынша, Қазақстанда балалар тағамдарының өндірісін ұлғайту қажет. 

«Мұндай зауыттардың әр өңірде болғаны және тұтынушыға жақын болуы өте маңызды. Осындай өнім өндірушілерге көмектесу керек. Бұл мәселеге баса назар аударылғаны жөн», - деп атап өтті.


null 

Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов өз кезегінде балалар сүт тағамдарын бие сүтінің негізінде өндіру алғаш рет қолға алынып отырғанын айтты.

«Қазір халыққа ана сүтін алмастыратын аллергенсіз өнім қажет. Ана сүтіне ең ұқсас әрі толыққанды өнім - бие сүті. Мысалы, кішкентайынан сүтке зәру балаларға бие сүтін алаңсыз беріп, одан пайда болмаса зиян шекпейтінін айтып келеміз. Бұл - қуатты өнім, себебі сүт консервілейтін заттар қосылмаған, қайта қалпына келтірілмеген табиғи дүние. Онда дәрумендер, микроэлементтер, сыртқы ақуыз бар. Осының бәрі балалардың жақсы өсуі мен дамуына ықпал етеді. Бие сүтінің негізінде балалар тағамын өндіру - бұл біздің ғылыми жетістігіміз», - деді Т.Шарманов.


null 

Академиктің айтуынша, қазір зауыт бие сүті негізінде ерекше шоколад шығара бастады. Қантсыз, ашытқысыз әрі аллергия болдырмайды.

Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев 2010 жылғы желтоқан айында Қазақ тамақтану академиясының емдік-профилактикалық сүт тағамдарын шығару жөніндегі «Амиран» зауытын іске қосқан болатын. Академия өткен кезеңде зауытта жоғары сапалы табиғи өнімнің ондаған түрін жасап шығарды.
Бүгінгі таңда кәсіпорын Қазақстанда жоғары сапалы табиғи сүттен жасалған балалар сүт тағамдарын шығаратын алғашқы және жалғыз кәсіпорын болып отыр. Статистикалық деректер бойынша, өткен жылы балалар тағамдары тек ЕАЭО елдерінен 43 миллион АҚШ долларынан астам сомаға импортталып, 20103,6 тоннаны құраған болатын.


null 

Жоғары қарай